Күрделі жөндеу жұмыстары
КПО-ның күрделі жөндеу стратегиясы өндірісті оңтайландыруға және күрделі жөндеулер аралығын ұзарту мен күрделі жөндеу мерзімдерін қысқарту арқылы шығындарды азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, осы міндетті іске асыру кезінде өндірістің қауіпсіздігін, сенімділігін және үздіксіздігін қамтамасыз ету және де белгіленген нормалар мен талаптарды сақтау мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. КПО объектілерінде жалпы кен орнын қамтитын күрделі жөндеу жұмыстары әр үш жылда бір рет жүргізілетіні тарихи түрде қалыптасқан.
Өткен жылы жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және нормативтік талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету сияқты күрделі жөндеу жүргізу аралықтарын анықтауға қатысты барлық аспектілерді қамтыған кең ауқымды техникалық шолу орындалды. Осы сараптама нәтижесінде, 2022 жылдан бастап 3 жылдан 4 жылға ұзартылған пайдалану аралығын енгізу мақұлданды. Осылайша, келесі жалпы кен орны күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу 2026 жылға жоспарланған.
2024 жылы іске асырылған күрделі жөндеу стратегиясы алдыңғы жылдарға ұқсас әдістемені қолданды. Әдетте, толық күрделі жөндеу – бұл ауқымды жұмыс бағдарламасы болып табылады, ол КПО және мердігер ұйымдардың персоналына айтарлықтай жүктеме түсіреді және көп мөлшерде техника мен жабдық тартуды талап етеді. Мүмкіндігінше, КПО жекелеген өндірістік желілерді қысқа мерзімге тоқтатуды жүзеге асырады, себебі бұл толық күрделі жөндеу кезінде шекті жүктемені барынша азайтуға және нысандарда бір мезгілде жүргізілетін жұмыстарға байланысты ЕҚ, ӨТ және ҚОҚ салаларындағы тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
2024 жылы ГКДҚ-3 объектісінде «желілік» тоқтату тәжірибесін қолдана отырып жөндеу және регламенттік жұмыстар, сондай-ақ жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстарын орындау үшін бүкіл объектілі қысқамерзімді тоқтату жүргізілді. Аталған тоқтатулар кезінде жұмыстар сәуір мен қыркүйек айлар аралығында жүргізілді және оған E-108, E-208 және E-408 жылу алмастырғыштарын ауыстыру, өндіру және техникалық қызмет көрсету қызметінің ағымдағы жұмыс бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ шағын модификацияларды орындау кірді.
ГКДҚ-2 нысанында газды кері айдау компрессорларына жыл сайынғы жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізілді. 2024 жылғы 18 тамыз бен 29 қыркүйек аралығында 360 A/B/D компрессорларындағы ССК техникалық тексеру / қайта сертификаттау бойынша шағын жұмыстар, сондай-ақ заңнамада көзделген техникалық қызмет көрсету жұмыстары орындалды.
КПО Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан және ауданы 280 км2-ден астам аумақты алып жатқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының (бұдан әрі – ҚМГКК) операторы болып табылады. ҚМГКК – бірегей кен орны, ол күрт континенттік климатқа байланысты өндірудің қиындықтарымен түсіндіріледі. Қабаттың жоғарғы шекарасы шамамен 3500 м тереңдікте жатыр, ал өнімді қабаттың қалыңдығы шамамен 1600 м құрайды. Өндірілетін көмірсутекті шикізаттың құрамында 4,5 % дейін жоғарғы уытты, коррозиялық күкіртсутек (H2S) және көмірқышқыл газы (CO2) бар, олар белгілі бір жағдайларда жоғары коррозияға ұшырауы мүмкін. / GRI 2-1 /
Қарашығанақ кен орны бойынша мұнай-газ, конденсат және ілеспе компоненттер қорларын қайта есептеу туралы соңғы есептердің деректеріне сәйкес (ҚР Қорлар жөніндегі мемлекеттік комитетімен 17.11.2017 ж. қабылданған), Қарашығанақ кен орнының қорлары 13,6 млрд баррель сұйық көмірсутектерге және 59,4 трлн текше фут газға бағаланады, 2024 жылғы жағдай бойынша сұйық көмірсутектердің шамамен 16,1 %, ал газдың 15,1 % өндірілді. / OG-1 /
Экономикалық тиімділікті барынша арттыру және қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында КПО озық технологияларға қомақты қаражат жұмсауда. 1997 жылы ӨБТК-ге қол қойылған сәттен бастап 31.12.2024 ж. дейін, Қарашығанақ кен орнын игеруге инвестициялардың жалпы көлемі 32,8 млрд АҚШ долларынан асты. 2024 жылдың аяғында КПО-да 4 080 адам жұмыс істеді.