ҚӨК

Қарашығанақ  өңдеу кешені (ҚӨК) 44 өндіруші ұңғымадан келетін мұнай конденсатын, сонымен қатар  ГКДҚ-2-ден тасымалданатын бастапқы шикізатты өңдейді. Мұнай мен газ бастапқы сепарация қондырғысында бөлінеді. Мұнай төрт тұрақтандырғыш технологиялық желі арқылы беріліп, халықаралық нарықтарда сату үшін Атырау экспорттық құбырына айдалады.

Сұйық көмірсутектерді тұрақтандырудың және тазартудың төртінші технологиялық желісі конденсатты тұрақтандыру мен тазартудың қосымша желісін, Қарашығанақ  өңдеу кешенінің (ҚӨК) қазіргі кіру құрылыстарын ұлғайтуды, шамамен 13 ұңғыманы, шикі газды кері айдау қосымша компрессорын,  конденсаттың бустерлік сорғылары мен конденсатты кері айдау сорғыларының қосымша жинағын және ГКДҚ-3-ге тиісті оймалары бар екі ішкі құбыр мен ерте мұнай өндіру сателлитін қамтиды.

Өңдеу сатысына газ екі ағынға бөлінеді. Біреуі тазарту үшін қондырғыға бағытталған. Ол кен орнының электр станциясына отын газын беруді және тазартылған газды жергілікті нарыққа жеткізуді қамтамасыз етеді. Екіншісі - газды кері айдау үшін ГКДҚ-2-ге және/немесе  Орынборға кейінгі экспорттау үшін ГКДҚ-3-ке бағытталған.

ГКДҚ-2

ГКДҚ-2 озық технологиялы бірегей көпфункционалды нысан болып табылады. Ол іске 2003 жылы қосылған. Ол шикі газды бөліп, өңдеп және жоғарғы қысыммен қабатқа кері айдай алады, сонымен қатар мұнайды қабылдап, кейін экспорттаудан бұрын тұрақтандыру үшін оны ҚӨК-ке жібере алады. ГКДҚ-2 нысанына өнім 21 өндіруші ұңғымадан келеді.

ГКДҚ-2-де газды өте жоғары қысыммен айдау жүйесі жұмыс істейді. Үш компрессор құрамында  H2S үлесі жоғары (9% дейін) газды 550 барға дейінгі қысыммен айдауға қабілетті.

Газ айдаудың бұл жүйесінің тиімділігі дәлелденген: бұл жүйе қабаттық қысымды ұстап тұруды қамтамасыз етеді, сұйық көмірсутектерді қалпына келтіруді жақсартады, сонымен қатар күкіртті алып тастау қажеттілігін болдырмайды. Осының барлығы - қоршаған ортаны қорғау үшін маңызды артықшылықтар.

ГКДҚ-3

1984 жылдан бері жұмыс істейтін ГКДҚ-3 нысаны 28 ұңғымадан шығарылған газ бен мұнай конденсатын Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытына (ОГӨЗ) құбыр арқылы экспортқа жөнелту алдында бөледі және жартылай тұрақтандырады. Тұрақтандырылмаған конденсат технологиялық өңдеу үшін көршілес жеке өңдеуші объектіге де жеткізіледі.

ЭКООРТАЛЫҚ

Экологиялық орталық әлемдік деңгейдегі тазарту объектісі болып табылады; ол мұнай мен газды бұрғылағаннан және өндіргеннен кейінгі өндірістік қалдықтарды тазартуға арналған алты қондырғыны қамтиды:

  • Шламды термомеханикалық тазалау қондырғысы: мұнда мұнай негізіндегі бұрғылау шламы қауіпсіз және тиімді тазартылады;
  • Бұрғылау ерітіндісіне арналған қондырғы - мұнай негізіндегі бұрғылау ерітіндісін араластыруға және тазартуға арналған өңдеу қондырғысы;
  • Бұрғылау шламынан басқа мұнай өнімдерімен ластанған топырақ пен материалдарды өңдеу үшін пайдаланылатын қоқыс жағу айналмалы пеші;
  • 2011 жылы пайдалануға берілген қалдықтарды көмуге арналған полигон. Қатты қалдықтарды қауіпсіз жоюды қамтамасыз ететін бұл нысанда 12 полигондық ұяшық бар;
  • Көмірсутекпен ластанғансуды тазартуға, ұңғымаларды күрделі жөндеу кезінде пайдаланылатын тұз ерітіндісін өңдеуге және ұңғымалардың жоғарғы интервалын өту кезінде пайдаланылатын сулы негіздегі бұрғылау ерітіндісін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін сұйық қалдықтарды тазарту қондырғысы;
  • 2012 жылы пайдалануға берілген жалпы мақсаттағы жаңа пеш.

Қарашығанақ  кен орнының өндірістік объектілері мен экспорттық бағыттары көрсетілген картаны мында қарауға болады.