Тұрақты даму

Ұзақ мерзімді бастамалар

Компания 2019 есептік жылы отандық өндірісті дамыту бойынша КПО, «PSA» ЖШС және «KAZENERGY» қауымдастығы арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС және КПО арасындағы оригиналды жабдық өндірушілерінің тауарларын Қазақстанда өндіру бойынша өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұзақ мерзімді бастамаларды жүзеге асыруды жалғастырды.

Сәтті жоба үлгісі № 1

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІҢ МАШИНА ЖАСАУ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУ

Мәселенің мазмұны/қысқаша сипаттамасы:

Қазақстан экономикасына қосатын үлесі ретінде жергілікті қамтуды дамыту мақсатында өзінің сатып алу қызметіндегі Қазақстанда өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесін ұлғайтуды КПО компаниясы өте маңызды іс деп біледі.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елде өндірілетін тауарлардың сұрыпталымын, соның ішінде бірегей жабдықтар мен оған қосалқы бөлшектерді өндіруді және лицензиялық қызмет көрсетуді барынша кеңейту жөнінде жаңа бастама көтерді.

Осы бастамаларды іске асыру аясында КПО тұрақты сұранысқа ие 33 тауардың алдын ала тізімін анықтады. Тұрақты сұраныстың болуы және өнімді ел аумағында өндірудің экономикалық тиімділігі сияқты критерийлерге бұл тізімнің сәйкестігін талдау нәтижесінде тізімдегі тауар саны сегізге дейін қысқартылды.

Мақсаты:

Тауарлар мен бірегей жабдықтарды Қазақстан Республикасында өндіру арқылы Қазақстанның машина жасау саласының дамуына және өсуіне атсалысу.

Жағдайдың шешімі / қолданылған әрекеттер:

ҚР Энергетика министрлігі мен «PSA» ЖШС бастамасымен КПО, ТШО және НКОК компанияларының қатысуымен «Бірегей жабдықтар өндірісін Қазақстанда жүргізу» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел отырысы барысында КПО, ҚР Энергетика министрлігі және «PSA» ЖШС арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Өзара түсіністік туралы меморандумды және дөңгелек үстел қорытындысы бойынша хаттамада бекітілген шешімдерді орындау мақсатында КПО Қазақстандағы өндіріске ықылас танытқан бірегей жабдық өндірушілерімен келіссөздер жүргізді. Компания әрбір өндірушімен «Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді Қазақстанда шығару бойынша жол картасын» дайындауға қатысты жұмыстар өткізді.

Нәтижесі:

2019 жылдың соңында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді Қазақстанда шығару бойынша жол карталарын дайындау аясында бірегей жабдық өндірушілерімен біраз келісімдер жасалды. «Петровалвз», «Джон Крейн», «Бейкер Хьюз», «Флоусерв», «Ханивелл» сияқты компаниялармен ел аумағында өндірілуі мүмкін тауарлар мен қосалқы бөлшектер санаттары, жүзеге асыру мерзімдері және ҚР-дағы өндірістің есептік көлемдері анықталды.

Келесі екі жылда жол карталарын іске асыру КПО-ның өндірістік және жобалық қажеттіліктеріне, ірі жобалар бойынша келісімшарттар жасасу стратегиясына және тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді Қазақстанда өндіру әрекетіне байланысты бірегей жабдық шарттарының орындалуына байланысты, атап айтқанда:

  • КПО мен бірегей жабдық өндірушісі арасында ұзақ мерзімді шарт жасасу;
  • шарттың әрекет ету мерзімі ішіндегі сатып алудың кепілдік жылдық көлемі;
  • тиісті салықтардан босату немесе мөлшерлемелерді баламалы түрде көтеруді қабылдау.

Сәтті жоба үлгісі № 2

ЕРТЕ ТЕНДЕРЛЕР МЕН СЫНАМА ТАПСЫРЫСТАРДЫ ӨТКІЗУ

Мәселенің мазмұны/қысқаша сипаттамасы:

ҚР Үкіметінің өндіріс пен қызмет көрсету кластерлерін дамыту жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында және Қарашығанақ кен орнын одан әрі кеңейту жобаларын жүзеге асыру барысында қажеттіліктердің өсуі мүмкіндігін ескере отырып, 2014 жылдың шілде айында КПО, «PSA» ЖШС және «ҚАЗЭНЕРДЖИ» қауымдастығы отандық өнеркәсіпті дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мақсаты:

 
    • Ерте тендерлер мен сынама тапсырыстары арқылы Қазақстанда өндірілетін тауарлардың түрін кеңейту
    • ҚР аумағында жаңа өндірістік қуаттарды құру немесе қолданыстағыларын жаңғырту арқылы келісімшарт бойынша КПО тарапынан тапсырыс көлемі кепілденген жаңа тауарлар мен қызметтер түрлерін өндіруді игеру үшін жағдай жасау

    Жағдайдың шешімі / қолданылған әрекеттер:

    Өзінің жеткізу тізбегі бойынша келісімшарттық стратегиясында КПО ерте тендер және сынама тапсырыс сияқты құралдарды қолдану арқылы ел аумағында шығарылуы ықтимал тауарлардың, қызметтердің және жұмыстардың 15 түрін анықтады.

    Ерте тендерлер және / немесе сынама тапсырыстарды өткізудің міндетті талабы — тауарлар, жұмыстар және қызметтердің Қазақстанда өндірілуі.

    Нәтижесі:

    Меморандумды іске асыру сәтінен бастап, яғни 2015 жылдан бері, ерте тендерлер мен сынама тапсырыс құралдарының көмегімен КПО жалпы сомасы 490 млн АҚШ долларын құрайтын жұмыстар мен қызметтердің 29 түріне және жалпы сомасы 61 млн АҚШ долларын құрайтын бұрын импортталған тауарлардың 22 санатын Қазақстан аумағында өндіруге арналған келісімшарттарды ұсынды. Оның ішінде 2019 жылы жалпы сомасы 11,2 млн АҚШ долларын құрайтын Қарашығанақ кен орнында қажетті келесі тауарларды ҚР-да өндіруге арналған 7 келісімшарт берілді:

    • бекітпе бұйымдар,
    • төсемдер,
    • ернемектер,
    • сүзгіш элементтер,
    • кабель жаймалары,
    • мотор майлары,
    • құтқару капюшондары.