ҚазРусEng
КПО 2024 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2025 жылғы 28 ақпан – «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2024 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады. Өткен жылы КПО компаниясы тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газ түрінде 143,3 миллион мұнай эквивалентінің барреліне жуық өнім өндірді. 

 

КПО бас директоры Марко Марсили өз сөзінде келесіні атап өтті: «2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын тағы бір мәрте барлық жоспарланған жұмыстарды уақытында орындап, тұрақты өндірістік нәтижелер көрсетті. 2024 жылы КПО Қарашығанақты кеңейту жобасының (ҚКЖ-1А) бірінші кезеңі объектілерін пайдалануға берді. ҚКЖ-1A жобасын сәтті іске асыру кен орнын игерудегі маңызды кезең. Бұл жоба өндірістің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және сондай-ақ экономикалық өсімге, мемлекеттік кірістердің ұлғаюына, аймақ экономикасының нығаюына септігін тигізуді көздейді».

 

КПО-ның барлық операциялары мен жобаларының негізінде қауіпсіздік пен қоршаған ортаны сақтау жөніндегі міндеттемелері жатыр. 2024 жылы КПО-да газды кәдеге жарату деңгейі әлемдік деңгейдегі көрсеткіш –99,95%-ды құрады. Бүгінгі таңда табиғатты қорғауға КПО салған инвестициялардың жалпы көлемі 458,9 миллион АҚШ долларын құрады.  Декарбонизация бағдарламасы аясында компания энергия тиімділігін арттыру, метан шығарындыларын азайту және төмен көміртекті энергия көздеріне көшу жобаларын қамтитын кешенді бастаманы жүзеге асыруда.

 

Жергілікті қамтуды дамыту кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты болып қала береді. 2024 жылы тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы КПО-ның жергілікті қамту көрсеткіші 65%-ды  немесе 679,7 миллион АҚШ долларын құрады. Кадрларды ұлттандыруға келер болсақ, өткен жылы жергілікті жұмыскерлердің үлесі барлық кәсіби және техникалық лауазымдар үшін 98%-ды және басқарушы кадрлар үшін 86%-ды құрады.

 

КПО облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға белсенді түрде инвестиция салуды жалғастыруда. 1998 жылдан бастап 2024 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 844 миллион АҚШ долларын құрайтын 250-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілер салынды. КПО жыл сайын осы мақсаттарға 20 миллион АҚШ долларын бөледі. Оған қоса, компания БҚО-да нақты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулылары шеңберінде де қосымша қаражат бөледі. Сонымен қатар, жергілікті қауымдастықты қолдауға деген тұрақты ұстанымын көрсете отырып, КПО БҚО-дағы су тасқынының зардаптарын жоюға 2 миллиард теңге бөлді. Сондай-ақ, КПО БҚО әкімдігінің баспанасыз қалған отбасыларға арналған қайта қоныстандыру бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетті.

 

«КПО өз қызметін әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық, заңдылық және қоршаған ортаға құрметпен қарау қағидаттарына негізделе отырып жүзеге асырады. Біз Қазақстан Республикасына барынша пайда әкелуге, оның экономикалық өсуіне ықпал етуге және жергілікті халықтың тұрақты дамуы мен өркендеуіне жағдай жасауға ұмтыламыз», - деп қорытындылады КПО бас директоры Марко Марсили. 

 


БАҚ-қа арналған ескертпе:

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), « Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.

КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі