ҚАРАҒАНДЫ, 2025 жылғы 01 наурыз. – Өңіраралық ынтымақтастықты нығайту және жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (бұдан әрі - КПО) компаниясы Қазақстан өңірлеріне сапар жасауды бастайды.
Осы бастамаға сәйкес компанияның бас директоры Марко Марсили мен оның орынбасары Мухтар Манкеев бастаған КПО делегациясы жұмыс сапарымен материалдық және шикізаттық әлеуетке ие еліміздің ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі Қарағанды облысына барды.
Сапардың негізгі мақсаты – өңірдің өнеркәсіптік мүмкіндіктерімен танысу, жергілікті өндірушілермен ұзақ мерзімді серіктестік мүмкіндіктерін бағалау және КПО Қарағанды облысының нарығындағы өндірушілермен бірлесіп жұмыс жасауға ашық екендігін көрсету болды.
Сапар аясында КПО делегациясы, сондай-ақ «PSA» ЖШС өкілетті органының және Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың өкілдері облыстың бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарына барды, олардың қатарында: «Sigma Corporation» ЖШС (кабельдік муфталар өндірісі), «Казфиттингпласт» ЖШС (фитингтер өндірісі), «Имсталькон» ЖШС (метал конструкциялар өндірісі) және «Boehmer Арматура» ЖШС (бекіту арматурасы мен шар клапандары өндірісі).
Сапардың маңызды шарасы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен кеңейтілген отырыс және өңір өндірушілерінің тауарлар көрмесіне бару болды. Кездесу барысында КПО өз қызметіне шолу жасап, отандық тауар өндірушілерді қолдау механизмдері және жергіліктендіруде басымдық берілетін тауарлар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Қарашығанақ кен орнының жобаларына өңірлік компаниялардың қатысу мүмкіндіктері туралы баса айтылды.
Сапар нәтижесінде КПО мен Қарағанды облысының әкімдігі серіктестікті нығайтуға және жергілікті өндірушілерді КПО жеткізу тізбегіне тартуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
КПО жаңа жеткізушілерді тарту және жергілікті өңірлік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тиімді құрал ретінде өңіраралық ынтымақтастық бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті.
КПО бас директоры Марко Марсили өз сөзінде келесіні атап өтті: «Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті зор және біз жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтыламыз. Біз бүгін куә болған өндіріс деңгейі аймақтық компаниялардың сенімді бизнес серіктес бола алатындығын көрсетеді». Сондай-ақ ол Қарағанды облысының басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, өңір кәсіпкерлеріне бірлескен жобаларды іске асыруда табыс тіледі.
КПО отандық жеткізушілерге барынша қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасай отырып, жергілікті қамтуды дамытуға басымдық береді.
Компания қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қосылуына ықпал етіп, олармен тұрақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
БАҚ-қа арналған ескертпе:
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), « Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.
КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.
КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі




