ҚазРусEng
КПО мен “KazService” бірлесіп “КПО-ның стратегиялық мақсаттарын іске асыру” атты аймақтық инвестициялық форум өткізді

ОРАЛ, 30 шілде 2025 жыл - «Карачаганак Петролиум Оперейтинг» Б.В. компаниясы (КПО) KazService Қазақстанның мұнайсервис компанияларының одағымен бірлесіп Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында «KПО-ның стратегиялық мақсаттарын іске асыру» атты аймақтық инвестициялық форум өткізді.

 

Форум жұмысына ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, AGIP Karachaganak B.V., «PSA» ЖШС, мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық IMB орталығының өкілдері қатысты.

 

Форумның басты мақсаты – аймақтағы инвестициялық мүмкіндіктерді талқылау, жергілікті тауар, жұмыс және қызмет жеткізушілеріне көрсетілетін қолдау шаралары, сондай-ақ КПО жобаларындағы жергілікті қамту үлесін арттыру механизмдерін әзірлеу болды.

 

КПО бас директоры Марко Марсили өз сөзінде бұл бағыттағы компанияның елеулі жетістіктерін атап өтті:

 

«КПО Қарашығанақ кен орнын игеру және кеңейту жобасына қазақстандық жеткізушілер мен тауар өндірушілерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 2024 жылы тауар, жұмыс және қызмет жеткізу бойынша келісімшарттардағы жергілікті қамту үлесі 65%-ға жетті, ал тек тауарларды тікелей сатып алуда бұл көрсеткіш компания үшін рекордтық 18%-ды құрады. 1997 жылы өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) күшіне енген сәттен бастап КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға жұмсаған шығындарындағы жалпы жергілікті қамту көлемі 10,1 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазіргі таңда КПО жергілікті қамту үлесін дамытуда жүйелі тәсілді қалыптастырды және отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа құралдарын енгізуді жалғастырып келеді».

 

Форумның іскерлік бағдарламасына панельдік және техникалық сессиялар кірді. Бұл сессияларда қатысушылар саланың дамуындағы негізгі үрдістерді, инвестиция тарту жолдарын, мемлекеттік қолдау тетіктерін, өзекті мәселелер мен сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру перспективаларын талқылады.

 

Форумның негізгі элементтерінің бірі – КПО компаниясының өкілдерімен ұйымдастырылған тақырыптық B2B-кездесулер болды. Бұл кездесулер барысында қатысушылар әріптестік мәселелерін техникалық тұрғыдан талқылап, кәсіби байланыстар аясын кеңейтіп, бар серіктестік қатынастарын нығайтты.

 

Форум қорытындысы бойынша жергілікті қамту үлесін ұлғайтудың перспективалық бағыттары айқындалып, жүйелі мәселелерді шешу жолдары белгіленді. Форум мемлекет, халықаралық оператор және жергілікті бизнес арасындағы сындарлы диалог үшін маңызды алаңға айналды. КПО халықаралық консорциумы жергілікті қамту үлесін арттыруды басты стратегиялық міндеттердің бірі ретінде қарастыратынын тағы бір мәрте растады.

 

 

 

 

КПО БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі

 

 

 

 

БАҚ редакторларына арналған ескертпе:

 

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), « Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.

 

КПО әлемдегі ең ірі мұнай, газ және конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және дамытумен айналысады.