АСТАНА, Қазақстан Республикасы, 2026 жылғы 22–24 сәуір – «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) жасыл технологиялар мен тұрақты шешімдерге арналған Өңірлік Экологиялық Саммит (RES) EXPO 2026 халықаралық көрмесіне қатысты.
RES EXPO 2026 қоршаған ортаға жауапкершілік және төмен көміртекті экономикаға көшу мәселелері бойынша диалогты дамыту мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдерін, сала көшбасшыларын, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және халықаралық құрылымдарды біріктірді. Іс-шараға шамамен 20 000 келуші мен жоғары деңгейдегі қатысушылар, оның ішінде өңірлік басшылар және жаһандық институттардың өкілдері қатысты. Пленарлық сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев алғысөз сөйледі.
Саммит аясында ұйымдастырылған мамандандырылған көрмеде КПО қоршаған ортаға әсерді азайтуға және өндірістік тиімділікті арттыруға бағытталған бірқатар практикалық шешімдер мен бастамаларды ұсынды. Компанияның көрме стенді алты тақырыптық бағытты қамтыды: тұрақты даму, биоалуантүрлілік, цифрландыру, төмен көміртекті технологиялар, экологиялық мониторинг және ресурстарды жауапты басқару.
КПО іске асырып жатқан экологиялық стратегия қоршаған ортаны қорғау шараларын күшейтуге және шығарындыларды азайту жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған. Компания ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға және мониторинг пен басқару жүйелерін үздіксіз жетілдіруге басымдық береді.
Ұсынылған негізгі бастамалардың қатарында метан шығарындыларын азайту бағдарламалары, экологиялық мониторингке арналған цифрлық шешімдер және биоалуантүрлілікті сақтау жобалары бар.
Павильонның арнайы бөлімінде КПО бұрғылау қалдықтарын жол құрылысына пайдалану тәжірибесін таныстырып, қалдықтарды қайта пайдалану мүмкіндігін және айналым экономикасы қағидаттарын енгізу әлеуетін көрсетті.
Бүгінгі таңда КПО қоршаған ортаны қорғау бастамаларына шамамен 463 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Бұл инвестициялар қоршаған ортаға әсерді азайтуға, мониторинг жүйелерін жетілдіруге және жергілікті экожүйелерді сақтауға бағытталған нақты жобаларды қолдайды.
Компанияның көрмеге қатысуы туралы пікір білдірген КПО бас директоры Марко Марсили: «КПО-ның RES EXPO 2026 көрмесіне қатысуы ҚР Үкіметінің тұрақты даму бағытындағы бастамаларын қолдауға деген біздің берік ұстанымымызды көрсетеді. Біз қоршаған ортаға әсерді азайтатын, өндірістік тиімділікті арттыратын және өңір үшін ұзақ мерзімді құндылық қалыптастыратын нақты шешімдерді енгізуге назар аударамыз.
2025 жылы КПО газды кәдеге жарату деңгейін 99,95%-ға жеткізді, бұл әлемдік деңгейдегі көрсеткіш болып табылады.
Сондай-ақ КПО OGMP 2.0 бастамасы аясында «Gold Standard Pathway» сертификатын алды. 2026 жылы біз «Gold Standard» деңгейіне жетуді мақсат етеміз және Қазақстанда осы деңгейге қол жеткізген алғашқы компания болуға ниеттіміз. Бұл КПО-ның бақылаусыз шығарындыларды анықтау және жою саласындағы жетістіктерінің маңызды мойындалуы болмақ», – деп атап өтті.
КПО жауапты өндірістік қызмет қағидаттарына адал болып қала береді және ашықтық пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен, серіктестермен және қоғаммен белсенді түрде жұмыс жүргізеді.
БАҚ-қа арналған анықтама:
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) – «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компаниялары басқаратын ортақ кәсіпорын.
КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.
КПО БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі




