ҚазРусEng
КПО компаниясы жергілікті қамтуды қолдауға бағытталған шараларды күшейтуде: «PetroCouncil» кеңесінің кездесуінде нәтижелер мен алдағы жоспарлар ұсынылды

Астана, Қазақстан Республикасы, 2026 жылғы 11 маусым – «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В» (КПО) компаниясының өкілдері «PetroCouncil» Қазақстан мұнай-газ кеңесі мүшелерінің қатысуымен өткен іскерлік кездесуге қатысты.

Бұл шара КПО басшылығы мен мұнай-газ саласындағы іскерлік қоғамдастықтың өкілдері арасындағы кәсіби диалог пен пікір алмасу алаңына айналды.

Кездесу барысында КПО бас директоры Марко Марсили сөз сөйлеп, жергілікті қамтуды дамыту компанияның басым бағыттарының бірі екеніне ерекше назар аударды. Ол тауарлар санаты бойынша жергілікті қамту үлесі 2022 жылы 7% құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіштің 18% дейін айтарлықтай өскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл оң динамика сатып алулар көлемінің тұрақты өсуімен де расталады. Атап айтқанда, жергілікті тауарлар жеткізілімдері үшін төленген жалпы сома 2022 жылғы 17 млн АҚШ долларынан 2025 жылы 55 млн АҚШ долларына дейін өсті.

Сонымен қатар, КПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев компанияның басым міндеттерінің бірі ретінде тауарларды, соның ішінде қызмет көрсету бойынша келісімшарттардың шеңберінде пайдаланылатын тауарларды жергіліктендіруді, сондай-ақ жергілікті қамту бойынша ақпараттық платформаны тұрақты түрде жетілдіруді және келісімшарттар шеңберінде орындалатын жұмыстардың көлемін айқындау кезінде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша міндетті пакетті енгізуді ерекше атап айтты. Бұдан бөлек, ол тендерлік ұсыныстарды бағалау кезінде жергілікті қамту көрсеткіштерінің меншікті салмағын арттыру да жоспарланып отырғанын айқындады.

Бағдарлама аясында КПО басшылығының қатысуымен компания қызметінің негізгі бағыттарына қатысты сұрақ-жауап сессиясы өтіп, оның барысында келесідей мәселелер талқыланды:

  • Жергілікті қамтуды дамыту және жергіліктендіру мәселелері;

  • КПО компаниясының сатып алу және тендерлерді өткізу процедуралары.

Осылайша, жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, ынтымақтастық жөніндегі өзекті мәселелерді талқылау және серіктестікті одан әрі нығайту бойынша ұсыныстарды айқындау мүмкіндігіне ие болды.

Кездесудің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін «PetroCouncil» мүшелері мен КПО компаниясының өкілдеріне жаңа іскерлік байланыстар орнату, әріптестік қарым-қатынасты нығайту және болашақта жүзеге асырылуы мүмкін жобаларды бейресми жағдайда кеңінен талқылау мүмкіндігін ұсынған ашық форматтағы нетворкинг сессиясы өтті.

БАҚ-қа арналған ескертпе:

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) – «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компаниялары басқаратын ортақ кәсіпорын.

КПО әлемдегі ең ірі газ-конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.

КПО БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі