ҚазРусEng
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қарашығанаққа барып, мұнай-газ саласын дамыту мәселелерін талқылады

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2026 жылғы 23 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірге жұмыс сапары барысында еліміздің ең ірі стратегиялық кен орындарының бірі – Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнына барды. Жобаның операторы халықаралық консорциум шеңберінде оны іске асырып жатқан «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы болып табылады.

Сапар аясында компания басшылығымен кездесу өткізіліп, онда ағымдағы өндірістік көрсеткіштер мен жобаны дамыту перспективалары талқыланды.

Делегация кен орнының негізгі өндірістік объектілерінің жұмысымен, сондай-ақ қуаттарды одан әрі кеңейтуге бағытталған ҚКЖ-1Б жобасын қоса алғанда, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

КПО бас директоры Марко Марсили компания қызметіне шолу жасап, соңғы жылдары іске асырылған жобалар консорциумның аса маңызды әрі күрделі міндеттерді тиімді атқаруға қабілетті екенін атап өтті.

Кездесу барысында компанияның өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

«КПО өз қызметін әлеуметтік жауапкершілік, ашықтық және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттары негізінде жүзеге асырады. КПО қызметін бастағаннан бері табиғат қорғау жобаларына 467 млн АҚШ долларын бағыттады. Біз метан шығарындыларын азайтуға және биоалуантүрлілікті сақтауға ерекше назар аудара отырып, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдаймыз. Атап айтқанда, 800 гектар аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. 

КПО облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға белсенді инвестиция салуды жалғастыруда. 1998 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін компания қаражаты есебінен жалпы сомасы 901,98 миллион АҚШ долларын құрайтын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық объект пайдалануға берілді. Біз Қазақстан Республикасына барынша пайда әкелуге, оның экономикалық өсуіне ықпал етуге және жергілікті халықтың тұрақты дамуы мен өркендеуі үшін жағдай жасауға ұмтыламыз», – деп атап өтті Марко Марсили.

Ол сондай-ақ компания өндіру көлемінің тұрақты өсімін көрсетуді жалғастырып, кен орнының өндірістік қуаттарын кеңейтуге инвестиция салып жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Нұрлыбек Нәлібаев мұнай-газ саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ компанияның атқарып жатқан жұмысын атап өтіп, КПО ұжымына Қарашығанақ кен орнын игеруде алдағы уақытта да табыс тіледі.

БАҚ-қа арналған ескертпе:

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) – «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компаниялары басқаратын ортақ кәсіпорын.

КПО әлемдегі ең ірі газ-конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.

КПО БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі