Орал, Батыс Қазақстан облысы, 27 тамыз 2026 ж. – «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданындағы Сәуле ауылында 60 орындық жаңа заманауи мектептің пайдалануға тапсырылғаны туралы хабарлады.
Білім беру объектісі КПО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында салынып, білім беру инфрақұрылымына қойылатын заманауи талаптарға жауап береді.
Заманауи бір қабатты ғимарат оқушылардың білім алуына және жан-жақты дамуына жайлы орта қамтамасыз етеді. Кең, жарық оқу сыныптары заманауи керек-жарақтармен, соның ішінде мектеп жиһазымен, оқу материалдарына арналған шкафтармен және интерактивтік тақталармен жабдықталған.
Мектепте оқу залы бар кітапхана, оқу-өндірістік шеберханалар, тұрмыс жүргізу кабинеті, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет пен асхананың болуы толыққанды білім беру процесімен қатар, оқушылар мен мұғалімдердің жайлылығын қамтамасыз етеді.
«КПО қызметі облыстың экономикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға да үлес қосып жатқанын көру – біз үшін мақтаныш. Жаңа мектептің ашылуы – компанияның облыс әкімдігімен және жергілікті қауымдастықпен тиімді жұмыс атқарғанының айқын үлгісі. Біз алдағы уақытта да өңірдің тұрақты дамуы үшін қажетті әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз», - деп атап өтті ашылу салтанатында КПО бас директорының орынбасары Мухтар Манкеев.
Жаңа нысан ауыл балаларының білім алатын орталығына айналып, олардың жайлы жағдайда оқуына жол ашады.
Аталған мектеп – КПО әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында құрылысы 2025 жылғы қарашада басталған жеті шағын жинақты мектептің қатарында. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының түрлі аудандарындағы тағы алты мектепті пайдалануға тапсыру жұмыстары аяқталуға жақын, атап айтқанда:
Жәнібек ауданының Жәнібек және Ұзынкөл ауылдарындағы, сондай-ақ Бәйтерек ауданының Озёрное ауылындағы 108 орындық мектептер;
Ақжайық ауданының Кеңсуат ауылындағы, Сырым ауданындағы Құспанкөл ауылында және Тасқала ауданындағы Айнабұлақ ауылындағы 60 орындық мектептер.
Соңғы үш жылда компания 27 білім беру мекемесін салып, жаңғыртқанын, осылайша әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына және өскелең ұрпақтың білім алуына жайлы жағдай жасауға сүбелі үлес қосқанын айта кету керек.
Бұл жобалар КПО-ның облыс дамуына қолдау көрсету бойынша ұзақ мерзімді стратегиясы аясында іске асырылып жатыр. Жаңа мектептер ауылды жерлерде сапалы білім берудің қолжетімділігін арттыруға, балалардың білім алуына қолайлы білім беру ортасын құруға және Батыс Қазақстан облысындағы адам әлеуетінің әрі қарай дамуына ықпал етеді.
БАҚ-қа арналған ескертпе:
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) – «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ (10%) компаниялары басқаратын ортақ кәсіпорын.
КПО әлемдегі ең ірі газ-конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.
КПО БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі



