КПО-ның ТҰРАҚТЫ
ДАМУ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ 2022

Нормативтік-құқықтық сәйкестік

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

КПО сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше көңіл бөледі. КПО-да әзірленген Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Тәртіп кодексі мен Іскерлік қағидаттарға негізделген, ол парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа тиым салатын ұлттық және халықаралық заңнаманы сақтау бойынша талаптарды белгілейді. Барлық персонал, соның ішінде құрушы компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттағы қызметкерлер мен жіберуші тараптардың (кадрлар агенттіктерінің) жұмыскерлері осы Нұсқаулықты басшылыққа алуға міндетті. Нұсқаулық сыйлықтар мен қонақжайлылық белгілерімен байланысты жұмыс процестерін анықтап, персоналға сыбайлас жемқорлыққа қатысты ықтимал қауіп-қатерлерді бағалауға көмектеседі. Келесілерге ерекше назар аударылады:

  • Келісімшарттар жасасу,
  • Сыйлықтар мен қонақжайлылық белгілері,
  • Әлеуметтік инвестицияларды қаржыландыру,
  • Мемлекеттік органдармен әрекеттесу,
  • Мүдделер қақтығысы.

КПО-ның бас директоры, директорлары мен басқарушылары тиісті директораттарда/басқармаларда нормативтік-құқықтық сәйкестік бойынша негізгі құқықтық және этикалық қауіп-қатерлерді анықтайды, бағалайды және қадағалайды.

«Тәртіп кодексі, нормативтікқұқықтық сәйкестік жөніндегі саясаттар мен процедуралардың талаптарының елеулі бұзылу қаупін» бағалау процесіне КПО-ның бүкіл қызметін сыбайлас жемқорлыққа қатысты қауіп-қатерлердің бар-жоғы тұрғысынан бағалау кіреді.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қауіп-қатерлерді азайту мақсатында келесі ережелер мен процестер енгізілген:

  • Контрагентпен келісімшарт немесе кез келген заңды күші бар келісім жасау алдында кешенді тексеріс жүргізіледі. (төмендегі «Контрагенттердің этикалық сәйкестігін тексеру» бөлімін қараңыз).
  • Парақорлыққа және кез келген ресми рәсімдерді оңайлатуға төленетін төлемақылар беруге (соның ішінде пара алу, пара беру, параға коммерциялық сатып алу, пара алу не беруде/параға коммерциялық сатып алуда делдалдық) тиым салынады.
  • Қайырымдылық және демеушілік сияқты бизнес-процестер үшін қатаң ережелер мен шектеулер белгіленді, шығындар міндетті түрде есепке алынады және процеске қатысушылардың барлығы алдын ала тексеруден өтеді.
  • Саяси партияларға, саяси ұйымдарға немесе олардың өкілдеріне компания қаражаты есебінен қандай да болса төлемдер (тікелей не жанама) жасауға тиым салынған.
  • Сыйлықтар алу/беру және қонақжайлылық белгілерін қабылдау/көрсетудің негізгі ережелері, шекті сомалары, мақұлдау және бекіту деңгейлері белгіленген, тиісті тізілім жүргізіледі.
  • Мүдделер қақтығысы туралы хабарлау (іс жүзіндегі, ықтимал және болжалды) қағидаттары мен ережелері, жұмысқа қабылдауға қатысты ерекше шарттар белгіленген. Барлық мүдделер қақтығысы оқиғалары тиісті тізілімге енгізіледі, жауапты бөлімшелер оларды реттеу бойынша шаралар қабылдайды. (төмендегі «Мүдделер қақтығысы» бөлімін қараңыз).
  • Мерзімді оқытулар жүргізіледі, жұмыскерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар туралы білімі тексеріледі. (төмендегі «Нормативтік-құқықтық сәйкестік талаптарын сақтау бойынша оқытуды» қараңыз).
  • Компанияның ішкі құжаттарының ережелерін және қолданыстағы заңнаманы бұзу туралы хабарлау процестері реттелді, Компанияның ішкі ережелерін бұзу жағдайларын тергеу және сол ережелерді бұзу үшін жауапқа тарту тәртібі анықталды.

Нормативтік-құқықтық сәйкестік талаптарын сақтау бойынша оқыту

КПО-ның барлық қызметкерлері нормативтік-құқықтық талаптарды сақтау мәселелері бойынша жүйелі оқытудан өтеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша компания жұмыскерлерінің 98 % (жұмыскерлердің 3 496-ы оқытудан өтті, 119-ы оқытудан өткен жоқ; статистика барлық санаттардағы қызметкерлерді қамтиды), соның ішінде бас компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттағы қызметкерлер мен жіберуші тараптардың (кадрлық агенттіктердің) жұмыскерлері төмендегі жыл сайынғы интерактивті оқыту курстарын аяқтады:

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл,
  • Тәртіп кодексі,
  • Жағымсыз әрекеттерге, қысым жасауға және алымсақтыққа қарсы іс-қимыл,
  • Құпиялық.

Бұдан басқа, Компанияның әрбір жұмыскері жыл сайын Іскерлік қағидаттармен, Тәртіп кодексімен, Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулықпен танысқандығын растауы және Заңнама мен этикалық құндылықтарға сәйкестік туралы мәлімдемеге қол қоюы қажет.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жұмыскерлердің 99 %, соның ішінде құрушы компаниялардың іссапарға жіберілген жұмыскерлері, штаттағы қызметкерлер мен жіберуші тараптардың (кадрлық агенттіктердің) жұмыскерлері, Заңнама мен этикалық құндылықтарға сәйкестік туралы жыл сайынғы мәлімдемеге қол қойды

Кез келген жұмыскер нормативтік-құқықтық сәйкестік жөніндегі барлық саясаттар мен процедураларды КПО-ның Интранет желісінен тауып қарай алады. Барлық мүдделі тараптар Іскерлік қағидалар мен Тәртіп кодексін КПО-ның сайтынан таба алады.

2022 жылы КПО-ның нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі Ұңғыма операциялары бөлімі мен мердігерлерінің персоналына Нормативтік-құқықтық сәйкестік бойынша қосымша семинар өткізді.

Мүдделер қақтығысы

КПО-да мүдделер қақтығысы Тәртіп кодексімен, Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы әрекет ету жөніндегі нұсқаулықпен және Мүдделер қақтығысын басқару жөніндегі нұсқаулықпен реттеледі. Нұсқаулықтардың соңғысы жұмысқа алумен айналысатын КПО менеджерлеріне, сонымен қатар Заң директоратына болжамды, ықтимал немесе іс жүзіндегі мүдделер қақтығысын басқаруда көмек ретінде әзірленді. Оператор комитеті мүдделер қақтығысын қарау процесін реттеуді нормативтік-құқықтық сәйкестік саласында аудиттер өткізу арқылы бақылайды. КПО-ның басқа жұмыскерлерімен, мемлекеттік лауазымды тұлғалармен, мердігерлермен, жеткізушілермен, бәсекелес ұйымдар және бизнес серіктестермен туыстық байланыс болған жағдайда, Компания жұмыскерлерінде мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мұндай оқиғалар Компания ішінде қаралып, реттеледі.

Жұмысқа қабылдау алдында барлық іріктелген үміткерлер мүдделер қақтығысының бар-жоғы туралы мәлімдемені толтырады. Сонымен қатар, нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі қызметкерлерге мүдделер қақтығысын мәлімдеу қажеттілігі туралы ай сайын хабарлайды.

Мүдделер қақтығысы тақырыбының маңыздылығы туралы Бас директор мен нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөлімі барлық қызметкерлерге барлық нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету ережелері мен талаптарын сақтау қажеттігі туралы корпоративтік пошта желісінде ақпараттық хаттар жіберу арқылы жүйелі түрде хабарлайды.

Контрагенттердің этикалық сәйкестігін тексеру

КПО корпоративтік басқаруда, соның ішінде этикалық және нормативтік сәйкестікті қамтамасыз етуде ең жоғары стандарттарға қол жеткізіп, сол деңгейді сақтауға ұмтылады. КПО-ның жетістігі біздің бизнестегі тұрақты табысқа жетуімізде маңызы зор және осы міндеттемені бөлісетін Компанияның серіктестерімен байланысты.

Этикалық сәйкестікті тексеру бойынша процедура аясында КПО ықтимал бизнес серіктестерінің әрқайсысымен байланысты қауіп-қатерлерді анықтау үшін және қатер төндіруі мүмкін мәселелерді реттеудің тиісті шараларын айқындау мақсатында өз жеткізушілерінің этикалық сәйкестігін бағалауды орындайды.

Әрбір ықтимал бизнес серіктеске меншік түрі және иесі, басшылығы және шаруашылық және коммерциялық қызметі, соның ішінде оның этикалық іскерлік қағидаттары туралы ақпарат пен растайтын құжаттарды жіберуді сұрайтын сауалнама жіберіледі. Тексеру шеңберінде КПО серіктестер берген мәліметтерді растау үшін және іскерлік тәжірибесі мен нарықтағы беделі туралы пікірлерді тексеру мақсатында ашық көздерден алынған ақпаратты да пайдаланады. Бұл үшін КПО «Refinitiv World-Check One» халықаралық дерекқорын, ашық ұлттық дерекқорларды, солардың ішінде салық және сот дерекқорларын пайдаланады, сонымен қатар тәуелсіз халықаралық сарапшыларды тартады. Содан кейін, компанияның бизнес серіктес болуға лайықтығын анықтау мақсатында қауіп-қатерлерді бағалау жұмыстары жүргізіледі. Қажет болған жағдайларда, қалдық қауіп-қатерлерді азайту үшін тиісті шаралар қолданылады.

Сонымен қатар, КПО өзінің бизнес серіктестерінен компаниямен келісімшарт жасасқандағы стандартты үлгінің бір бөлігі болып табылатын міндеттемелерді орындау арқылы жемқорлыққа және парақорлыққа қарсы қолданыстағы қазақстандық және халықаралық заңдарға сәйкес жұмыс істеуді талап етеді.

Барлық бизнес серіктестер өткен күнтізбелік жыл ішінде КПО-ның әрбір келісімшартының 25-бабы «Этика және іскерлік тәжірибесінде» көрсетілген мәлімдемелерге, кепілдіктерге және міндеттемелерге сәйкес қызмет еткендігін растайтын Жыл сайынғы сәйкестік бойынша сертификатты толтыру қажет.

Осы шаралардың барлығы серіктестерімізге КПО-ның бизнес жүргізуде жоғары этикалық стандарттарды ғана ұстанатынын көрсететініне сенімдіміз. КПО өзінің бизнес серіктестерімен тығыз жұмыс істейді және жемқорлық пен парақорлықты болдырмау мақсатында олармен бірге қолданыстағы барлық заңнамаларды сақтауы керек.

Жедел желі және сәйкестіктің сақталуын қамтамасыз ету бойынша басқа да шаралар

Жедел желі КПО жұмыскерлері, жеткізушілері және мүдделі тараптары үшін әділ және қауіпсіз жұмыс ортасын құрудағы маңызды құрал болып табылады. Жедел желі арқылы компания қызметкерлері мен үшінші тұлғалар (мердігерлер, жеткізушілер және басқа да мүдделі тараптар) хабарлай алатын тақырыптарға ықтимал құқықтық және этикалық тәртіп бұзушылық, соның ішінде дискриминация, жыныстық алымсақтық, мүдделер қайшылығы, қаржыға қатысты ереже бұзулар немесе жемқорлық кіреді. Мәлімдемені телефонмен немесе онлайн нысанды толтыру арқылы жолдауға болады. Келіп түскен мәлімдемелерді олардың құпиялығы мен анонимдігіне кепілдік беретін тәуелсіз компания өңдейді. Бұдан әрі мәлімдемелер олардың кәсіби және құпия қаралуын қамтамасыз ететін КПО-ның тиісті тұлғаларына беріледі. Сондай-ақ, Компания қызметкерлері нормативтік-құқықтық сәйкестік бөліміне, еңбек ресурстары бөліміне немесе өздерінің тікелей жетекшілеріне жүгіне алады.

2022 жылы нормативтік-құқықтық сәйкестікті қамтамасыз ету бөліміне 106 мәлімдеме келіп түсті. Барлық мәлімдемелер мұқият қаралып, тиісті шаралар қолданылды. Мәлімдемелердің басым бөлігі жұмыс орындарындағы қарым-қатынас мәселелеріне және мүдделер қақтығысына қатысты болды, 80-і 2022 жылы, ал 44-і 2021 жылы келіп түскен 124 мәлімдеме нормативтік-құқықтық сәйкестік бойынша ереже бұзуды тергеу процедурасының және/немесе мәлімдеменің сипатына байланысты тәртіптік мәселелерді шешу жөніндегі ереженің талаптарына сәйкес шешілді және жабылды.

Келіп түскен барлық мәлімдемелер нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты ереже бұзуларды тергеу тобымен тергеледі және, қажет болғанда, салдарларды басқару бойынша тиісті іс-шаралар қолданылады. 2021 жылы Компанияда қызметтік тексерулерді сапалы жүргізу және ұйым ішіндегі салдарды жою бойынша шараларды жүйелі қолдану мақсатында нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты ереже бұзуды тергеудің жаңа процедурасы қолданысқа енгізілді. Тергеудің сапасы «Мәлімдемелерді тіркеу журналын» үздіксіз жүргізу мен жаңарту арқылы қамтамасыз етіледі, бұл тергеулердің тиімділігін бағалауға және қызмет нәтижелері теріс болған жағдайда үрдістер мен алғашқы себептерді талдауға мүмкіндік береді.

Ең маңызды тергеулер мен салдарды басқару үдерістерін бақылау және оларға қатысты шешім қабылдау мақсатында Этика мәселелері бойынша кеңес құрылды.

Салдарды басқару бойынша барлық шаралар КПО-ның қолданыстағы саясаттарына сәйкес қадағалауға және бақылауға жатады. Этика мәселелері бойынша кеңес талқылап, мақұлдағаннан және бекіткеннен кейін, салдарды басқару бойынша шаралар тиісті директораттарда/басқармаларда орындалу үшін міндетті болады. Барлық осындай шаралар арнайы журналдың («Шаралар тізілімі») көмегімен тіркеледі, қадағаланады және бақыланады.

Монополияға қарсы күрес

Монополияға қарсы заңдар кәсіпкерліктің еркіндігі мен бәсекелестіктің әділдігін қорғайды. Заңда жазылғандықтан ғана емес, бұларға өзіміз кәміл сенетіндігімізден осы қағидаларды сақтаудың КПО үшін маңызы зор.

КПО Тәртіп кодексі қызметкерлердің барлығы сақтауы тиіс заңға қайшы әрекеттерге, соның ішінде бағаны белгілеу, нарықты бөлісу, өндіріс көлемін шектеу, тендерге қатысуға өтінімдер тапсыру немесе тендерге қатысу кезіндегі келісу, бәсекелестікке қарсы әрекет ету және монополиялауға қарсы күреске қатысты ережелерді реттейді. КПО қызметкерлеріне монополияға қарсы заңнаманы бұзу болып есептелуі мүмкін мәселелер бойынша бәсекелестермен келісімдер жасауды айтпағанда, бәсекелестермен мұндай мәселелерді тіпті жеке талқылауға да тыйым салынады.

Есептік кезең ішінде КПО-да жосықсыз бәсекелестікке және монополияға қарсы заңнаманы бұзуға қатысты аяқталмаған немесе аяқталған сот қуынымдары болған жоқ.

Заңнама мен нормативтік актілерді сақтау

КПО өз қызметін іске асыратын мемлекеттерің қолданыстағы барлық заңдары мен нормативтік актілерін сақтайды.

КПО Директорлар кеңесінің барлық мүшелері мен Заң директораты нормативтік-құқықтық сәйкестік мәселелері ӨБТК және Бірлескен қызмет туралы келісімге, мұнай-газ компанияларының қызметін реттейтін барлық ҚР заңдарына / халықаралық заңнамаға, сонымен қатар нормативтік-құқықтық сәйкестікке қатысты процестерді реттейтін КПО-ның саясаттары мен процедураларына сай шешілуін қадағалайды.

2022 жылы КПО әкімшілік құқық бұзушылық істері бойынша жалпы сомасы 7 504 350 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұлдар төледі. Әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша жалпы жеті іс қозғалды, оның ішінде үш іс «Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаменті» ММ, екі іс «Бөрлі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі» және екі іс «Бөрлі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ-ге қатысты болды.

2022 жылы қаржылай емес санкциялар қолданылған жағдайлар тіркелген жоқ.