КПО-ның бірінші жартыжылдықтағы өндірістік жұмыстарының нәтижелері

АҚСАЙ қ., Батыс Қазақстан облысы, 2022 жылғы 22 шілде — «Kарачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің нәтижелерін жариялады.

 

Өткен жартыжылдық кезеңде КПО компаниясы тұрақтандырылған және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутек, экспортқа шығарылатын шикі газ және тазартылған отын газы күйіндегі 71,4 млн. баррельден астам мұнай эквивалентіндегі өнім өндірді. Бұған қоса, 5,7 млрд. м3 шикі газ жер қабатына кері айдалды, бұл — кен орнында өндірілген газдың жалпы көлемінің 54,3%-ын құрайды.

 

«Қарашығанақ кен орнын игеруде КПО БҚО әкімдігімен және „PSA“ ЖШС Өкілетті органымен бірлесіп жұмыс жасайды және облыстың және республиканың бюджетіне түсетін кірістерді арттыру үшін жаңа технологияларды қолданады. Қазақстан Республикасымен орнатылған ынтымақтастығымыз бен ортақ ісіміздің синергиялық әсерінің негізінде әр тараптың мүддесін өзара құрметтеу және әлеуметтік жауапкершілік жатыр», — деді КПО бас директоры Джанкарло Рую.

 

Сөзін жалғастыра, ол: «Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға көшуге және көміртегі шығарындылары бойынша бейтараптыққа жетуге деген ұмтылысты іске асыру мақсатында бүкіл салада елеулі өзгерістер жүріп жатыр. КПО осы процеске белсенді қатысуға ниетті және „КПО-365“ атты стратегиямызда CO2 шығарындыларын азайту жолында жүзеге асырылатын көптеген шаралар қамтылған», — деді.

 

Әлі де жалғасып жатқан пандемия аясында КПО Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің COVID дертінің алдын алуға бағытталған нұсқауларын мүлтіксіз орындайды. Қарашығанақ кен орнының үздіксіз жұмысын және күрделі жобалардың одан әрі іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Компания өзінің және мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінің денсаулығын сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

 

2022 жылдың бірінші жарты жылдығында Қарашығанақ кен орнындағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,96%-ды құрады, бұл әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Бүгінгі таңда КПО қоршаған ортаны қорғау шараларына 446 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.

 

КПО — жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын енгізіп, сәтті жүзеге асырып келе жатқан Қазақстандағы алғашқы компаниялардың бірі. Бірінші жартыжылдықта КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша келісімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 54,8% немесе ақшалай есептегенде 205,9 млн. АҚШ долларын құрады.

 

Шетелдік қызметкерлерді жергілікті мамандармен алмастыру процесі де өз жалғасын табуда. Аталмыш кезеңде компаниядағы жергілікті қызметкерлер инженерлік және техникалық қызметкерлердің 98%-ын, басшылық лауазымдағы қызметкерлердің 85%-ын құрады.

 

Бүгінгі таңда КПО-ның өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бөлген қаражатының жалпы көлемі 456 миллион АҚШ долларынан асты.

 

Қазіргі уақытта КПО серіктестері Қарашығанақ кен орнын игеруге 29 миллиард АҚШ долларына жақын қаражат салды.

 

КПО корпоративтік байланыстар бөлімі