Қарашығанақтың күміс мерейтойы

Осыдан ширек ғасыр бұрын «Карачаганак Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы мен Қазақстан Республикасы арасында Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімшартқа қол қойылды. Сол күннен бері игерілуі Батыс Қазақстан облысы мен бүкіл еліміздің экономикасы үшін үлкен маңызға ие болған кен орнының жаңа тарихы бастауын алды.

9 қыркүйек күні Ақсай қаласында өткен мерейтойға КПО басшылығы мен қызметкерлері, Батыс Қазақстан облысы мен Бөрлі ауданы әкімшілігінің, уәкілетті органның және ірі салалық бірлестіктердің өкілдері жиналды. Бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі — Қарашығанақты игеру ауқымды инвестицияларды тартумен және КПО-ның серіктес компаниялары: «Eni», «Shell», «Chevron», «ЛУКОЙЛ» және «ҚазМұнайГаз» жинаған заманауи технологиялары мен озық тәжірибелерін Қазақстан Республикасына берумен тығыз байланысты.

Құттықтау сөзінде КПО-ның Бас директоры Джанкарло Рую ӨБТК-ға қол қоюдың 25-ші мерейтойы еліміздің мұнай және газ саласын дамытуға біріге үлесін қосатын Қарашығанақ жобасының серіктес компаниялары, Қазақстан Республикасы және Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды меже екендігі туралы айтты. КПО Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, БҚО және Бөрлі ауданы әкімдігі мен уәкілетті орган — «PSA» ЖШС қолдауымен қол жеткізілген нәтижелерді мақтан тұтады. Бұл жетістіктердің барлығы Қазақстанның дамуы мен табыстарымен байланысты. Қарашығанақ — еліміздегі ең ірі кен орындарының бірі. Республика бойынша өндірілетін жалпы газ көлемінің 36,6% және сұйық көмірсутектердің 14,25 % осында өндіріледі. Кен орнын игеру барысында ең озық технологиялар енгізілді, мұның Қазақстан Республикасыны және БҚО-ның жергілікті қоғамдастығына әкелген пайдасы зор.

Салтанатты жиын қатысушыларына Қарашығанақтың тарихы, бүгіні мен болашағы туралы фильм көрсетілді. 1997 жылы Түпкілікті келісімшартқа қол қою Қарашығанақ жобасын дамытуға, шетелдік инвестициялар, ресурстар және ең озық әлемдік тәжірибе ағынының келіп түсуіне түрткі болды. Қазіргі таңда кен орнын игеру өңір экономикасының дамуына ықпал ететін басты факторлардың біріне айналды.

Өз сөзінде Батыс Қазақстан облысының Әкімі Ғали Есқалиев Қарашығанақтың Қазақстан үшін зор маңызын ерекше атап айтты. Оның айтуынша, аграрлық-индустриялық аймақ болып саналатын Орал өңірі осыдан 25 жыл бұрын жасалған келісімшарттың арқасында мұнай және газ саласында дами бастады. КПО ең ірі жұмыс беруші және салық төлеуші ​​болып табылады. Қарашығанақ жобасы 18 мың адамды қамтиды. Оның 15 мыңы — Батыс Қазақстан облысының тұрғындары. Мемлекеттік бюджет пен Қазақстан Республикасының ұлттық қорының жыл сайынғы толықтырылуы шамамен 2 миллиард долларды құрайды. Өңірдің басшысы КПО-ның Қарашығанақ жобасындағы жергілікті қамтуды нығайту бағытындағы жұмысының маңыздылығына тоқталды. Келісімшартқа қол қойылғаннан бері жергілікті қамтудың үлесі 9,06 миллиард долларға жетті. Бұл ретте қазақстандық тауарларды сатып алу құрылымы қарапайым өнімдерден күрделі және жоғары технологиялы материалдар мен жабдықтар түрлері қамтылатындай өзгерді.

«KAZENERGY» қауымдастығының Мұнай-газ саласын дамыту департаментінің директоры Дияс Ташимов мерекеге қатысушыларды мерейтоймен құттықтады. Ол ӨБТК-ге қол қою Қазақстан Республикасының Үкіметі мен әлемнің жетекші мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін салғанын атап өтті.

Өз құттықтау сөзінде Қазақстанның Мұнай кәсіпшіліктері сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов келісімшартқа қол қоюдың 25 жылдығын ерекше мерейтой деп атады. Рашид Жақсылықов КПО компаниясына жаңа белестерді бағындыра беруді тілеп, Бас директор Джанкарло Руюге Қазақстанның мұнай-сервистік саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Асыл еңбек» орденін табыс етті.

Сөз сөйлеушілер бірінен соң бірі ауысып, мерекеге қатысушыларды айтулы күнмен құттықтады. Қарашығанақта еңбек ететін үздік мамандар мен қызметкерлер медальдармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Мерекелік көңіл-күй Ақсай қаласының күніне арналған іс-шараларда да орнады. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қала күнін тойлауға КПО да белсене қатысты. КПО ұсынған қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концерт қалалықтар үшін жақсы тарту болды. Бұдан басқа, Мұнай-газ кешені жұмысшылары күні қарсаңында КПО өкілдері мен кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері Бөрлі тарихи-өлкетану мұражайына барып қайтты. Олар мұражай қорына Қарашығанақтың тұңғыш ашушысы Сухан Мақсұтұлы Камалов — әйгілі қазақ ғалымы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының академигі — портретін сыйға тартты. Өткен мерейтойлық кеште оның Қарашығанақ үшін атқарған елеулі қызметі де айтылды. Енді оның портреті өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімшарттың 25-жылдық мерейтойы қарсаңында жасалған естелік кәдесыйлар да тарту етілген мұражайда лайықты орын алды.

Қазақстан Республикасы мен инвесторлық компаниялар арасындағы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімшарт 2038-ші жылға дейін жасалды; бұл алдағы жылдар үшін көптеген мүмкіндіктердің бар болуын білдіреді. Әлеуметтік жауапкершілік, тұрақты даму және қоршаған ортаны қорғау қағидаттарын сақтай отырып, КПО Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасындағы серіктес компаниялардың игілігі үшін жаңа өндірістік жетістіктерге ұмтылуды жалғастыруда.