ҚазРусEng
КПО компаниясы Астана қаласында өткен «Digital Future of Energy» атты хакатонына демеушілік көрсетті.

29-30 қарашада «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) «Astana Hub» технопаркімен бірлесіп, жас IT-мамандары, шағын және орта бизнес сарапшылары мен стартаптар үшін «Digital Future of Energy» (Энергияның цифрлық болашағы) тақырыбында хакатон өткізді.

Жалпы 160-тан астам өтінім келіп түсті және жіті іріктеуден кейін Қазақстанның әр түкпірінен 37 топ 29-30 қарашадағы «Astana Hub» технопаркінде ұйымдастырылған хакатонның ақтық кезеңіне өтті.

Техникалық тапсырмалар үш бағыт бойынша ұсынылды: қауіпсіздік, бизнес үдерістерін оңтайландыру және тиімділікті жетілдіру. Қатысушылар екі күн ішінде өздері таңдаған жобалар бойынша идеяларды қалыптастыруға, КПО сарапшыларынан қосымша ақпаратты сұрауға, өз өнімі бойынша кәсіби менторлармен және тәлімгерлермен жұмыс істеуге және нәтижелерін финалда ұсынуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, КПО жергілікті IT-компаниялар мен стартаптар өкілдеріне КПО жеткізушісі болудың жолдары туралы арнайы сессия ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шараға қазылар алқасының үш мүшесін КПО тағайындаса, тағы екеуін «Astana Hub» ұсынды. Қазылар алқасы негізгі критерийлер ретінде шешімнің КПО үшін өзектілігін, прототипінің болуы-болмауын, күрделілігін, жетілгендігін және пайдаланушы тәжірибесін басшылыққа алды. Үздік топтар инкубациялық бағдарламаларға шақыртылып, өз шешімдерін КПО-да қолдану мүмкіндігіне ие болады.

Қазылар алқасы үш жеңімпаз команданы таңдады: HomeLabs.ai, Meris және Zerek және олардың әрқайсысына сыйлық ұсынды. «Бүгін араңызда болып, „Astana Hub“ ұйымдастырған мұнай-газ секторындағы цифрландыру бойынша алғашқы хакатонда марапатты тапсыру мен үшін үлкен қуаныш және құрмет. КПО бұл процеске бастамашы болғанын мақтан тұтады және осы сәтті өткен шарадан энергетика саласының басқа да мүшелері және жалпы ұлттық бизнес қауымдастығы кеңінен үлгі алып, осындай керемет бастаманы жалғастыратынына сенімдімін», — деді КПО бас директоры Джанкарло Рую.

Цифраландыру және өндіріс процесстерін үздіксіз жетілдіру бөлімі