Компания туралы
- Басты бет
- /
- Компания туралы
КАРАЧАГАНАК ПЕТРОЛИУМ ОПЕРЕЙТИНГ Б.В.
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) – «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (10%) компаниялары басқаратын ортақ кәсіпорын.
КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады. Қазақстанның солтүстік-батысында орналасқан кен орнының ауданы 280 шаршы километрден асады. Кен орнындағы көмірсутектердің есептік теңгерімдік қоры сұйық көмірсутектердің 13,6 миллиард баррелін және газдың 59,4 триллион текше футын құрайды. Қазіргі уақытқа дейін сұйық көмірсутектердің (конденсат пен мұнай) 16,9% және газдың 15,7% өндірілді.
1997 жылы ӨБТК-ге қол қойылғаннан бері, КПО Серіктестері кенішті игеруге шамамен 34,435 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, тұрақты экономикалық құндылықты барынша арттыру мақсатында өнеркәсіптегі озық технологияларды қолданып келеді. Бұл технологиялар қауіпсіздік техникасы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының және халықаралық деңгейдегі ең жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.
2025 жылы Қарашығанақ кен орнында мұнай баламасында 136,453 млн. баррель көмірсутек өндірілді. Мұндағы қабаттық қысымды ұстап тұруға кері айдалған газ көлемі 16,625 миллиард текше метрді, яғни жалпы өндірілген газдың шамамен 65,8% құрайды.
КПО Қазақстан Республикасының “жасыл экономикаға” көшу жөніндегі бастамасын толық қолдайды. 2025 жылы Қарашығанақ кен орнындағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,95%-ды құрады, бұл – әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Жалпы алғанда, КПО-ның қоршаған ортаны қорғау бағытындағы инвестициялары 466,97 миллион АҚШ долларынан асып түсті.
КПО – жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын енгізіп, оны сәтті жүзеге асырып келе жатқан Қазақстандағы алғашқы компаниялардың бірі. Қазіргі таңда КПО жеткізушілер дерекқорында 7 139-ден астам қазақстандық жеткізуші тіркелген.
Батыс Қазақстан облысының ең ірі жұмыс берушісі ретінде КПО өңір тұрғындарын ұзақ мерзімді жұмыспен қамту және бәсекеге қабілетті еңбекақы ұсыну жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап келеді. Қазіргі таңда КПО-да шамамен 4 000 адам еңбек етеді.
KПO Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың кең ауқымын жүзеге асыруда. 1998 жылдан бастап 2025 жылдың соңына дейін компания есебінен жалпы сомасы 901,98 миллион АҚШ долларды құрайтын 268 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынды.
Өндірістік міндеттемелерін орындаумен қатар КПО жауапты корпоративтік кәсіпорын ретінде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге және Қарашығанақ кен орнынан Қазақстан мен жергілікті тұрғындар үшін барынша мол әлеуметтік және экономикалық табыстарды көбейтуге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда.



