ҚазРусEng

Тұрақты даму

Тәжірибелер үлгісі

Бұл бөлімде біз көшірілген тұрғындармен жасалған өзара қарым-қатынас тәжірибесінен бірнеше мысал келтірдік.

Тәжірибе үлгісі №1

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ № 1:
ДУШЕКЕНОВТЕР ОТБАСЫН ҮЛГІ ЕТІП АЛЫП, АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ЖАҒДАЙДА ОРНАЛАСТЫРЫЛУЫН КӨРСЕТУ

Жалпы ақпарат:

Қарашығанақ кен орны жаңа санитарлық қорғау аймағы шекарасында орналасқан Березов және Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру 2015 және 2017 жылдары бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Жалпы Ақсай қаласы мен оған іргелес жатқан жаңа Аралтал ықшам ауданына 460-тан астам отбасы көшірілген болатын. Төменде көшірілген отбасының жаңа жерге орналасу мен үйреншікті тұрмыс жағдайын қалпына келтірудің бір мысалы келтірілген.

Нәтижесі:

Зейнеткер Иманмалик Душекеновтің отбасы ересек ұлы мен оның отбасымен бірге көшірудің бірінші кезеңінде, яғни 2015 жылдың аяғында Березов ауылынан Ақсай қаласына қоныс аударған еді.

 

Березов ауылдық мектебінде қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі қызметін атқарған оның қызы Гүлсін көшірудің екінші кезеңінде, яғни 2017 жылдың аяғында көшіп келген болатын. Гүлсін жаңа үйдің иесі атанып, Аралтал ауылдық мектебіне қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі ретінде жұмысқа тұрды.

 

Өтемақы беру шарттарына сәйкес ата-анасы ересек үйленген ұлымен немесе күйеуге шыққан қызымен бірге тұрып жатқан отбасылар бөлек баспана алуға құқылы болды. Осы шартқа сәйкес Иманмалик Душекеновтің ересек балалары Аралталда жеке баспанаға ие болды.

 

Иманмалик Душекеновтің ұлының үш баласы бар. Оның үлкен ұлы жұмыс жасайды, ал кішісі Аралтал ауылдық мектебінің 6 сынып оқушысы, қызы Айжан медициналық факультет түлегі. Айжан медициналық колледжді КПО стипендиялық бағдарламасы бойынша оқып шықты. Оқуы аяқталған соң Компания Айжанның аудандық емханаға жұмысқа орналасуына жәрдемдесті. Қазіргі таңда Айжан білімін Орынбор мемлекеттік медициналық университетінің үшінші курсында жалғастырып жатыр.

 

«КПО компаниясы болашағыма жол ашты. Мен оқу барысында басқа студенттермен салыстырғанда КПО-дан едәуір шәкіртақы алып отырдым», — дейді Айжан.

 

КПО қызметкерлерімен кездесу барысында Иманмалик Душекенов Компанияға оның отбасына көрсеткен көмегі, немересін оқытуда көрсеткен қолдауы мен Аралталдағы жаңа қоныстары үшін шексіз алғысын білдірді.

Тәжірибе үлгісі №2

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ № 2:
КПО-НЫҢ АУЛАЛАРДЫ КӨГАЛДАНДЫРУ БОЙЫНША БАСТАМАСЫ

Жалпы ақпарат /
Мәселенің қысқаша сипаттамасы:

Қарашығанақ кен орнына іргелес аумақтардың қоршаған ортасы мен экожүйесін қорғау мәселелерін КПО әрдайым басты назарда ұстайды. Компания өз өндірістік қызметін атқару барысында қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайтуға бағытталған жоғары стандарттарды ұстанады.

 

Бұрынғы Березов пен Бестау ауылдарынан тұрғындарды көшіру жобасын қадағалау шеңберінде КПО аталмыш тұрғындар үшін Бөрлі ауданы Ақсай қаласында салынған үйлер аулаларына терек отырғызуды шешті.

Шешімі / қолға алынған шаралар:

2020 жылдың қазан айында КПО-ның халықпен жұмыс жасау істеу бөлімінің өкілдері Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше тәлімбақ пен орман шаруашылығына барған болатын. Сапар мақсаты түрлі жапырақты және жеміс ағаштарын өсіру және күтумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысымен танысу, сондай-ақ көшірілген тұрғындарға салынған үй аумағында отырғызу үшін көшеттерді таңдау болды.

Нәтижесі:

Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімінің қолдауымен 2020 жылғы 20 қазанда КПО қызметкерлері Бөрлі ауданы орман шаруашылығынан 10-ықшам аудандағы № 24 және № 25 үй аулаларына отырғызу үшін 150 шетен, бәйтерек және қара үйеңкі көшеттерін әкеліп берді. Көшеттер «Ақ-Қайың-2» пәтер иелерінің кооперативіне (ПИК) тапсырылды.
Сондай-ақ ПИК жұмысшылары өздері Дружба народов көшесі, № 4/6 үйлері аулаларына терек отырғызды. Аталмыш үйлерге көшірудің І және ІІ кезеңдері аясында Березов пен Бестау ауылдарының тұрғындары көшірілген болатын.

 

КПО халықпен жұмыс жасау бөлімі, Ақсай қаласы әкімі және пәтер иелері кооперативінің бірлесіп жасаған еңбегі ақталды. Тұрғындар үй аулаларын көгалдандыру бойынша орындалған жұмыстарды жоғары бағалады. Отырғызылған теректерге күтім жасау әр тұрғынның қоршаған ортаны қорғауға және экожүйені сақтауға қосқан жеке үлесі болмақ.

Тәжірибе үлгісі №3

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ № 3
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ ЖАУЫНГЕРІНІҢ ЕСКЕРТКІШІН КӨШІРУ

Жалпы ақпарат /мәселенің қысқаша сипаттамасы:

Березов ауылының тұрғындарын көшіргеннен кейінгі мониторинг шеңберінде Компанияға жергілікті халықтан Березов ауылындағы Ұлы Отан соғысы жауынгеріне арнап қойылған ескерткішті Бөрлі ауданы Ақсай қаласына көшіруге қолдау көрсету туралы өтініш түсті.

Мақсаты:

Березов ауылынан көшірілген тұрғындар мен болашақ ұрпақтың тарихи ескерткішін сақтап қалу

Шешімі / қолға алынған шаралар:

КПО ескерткішті толығымен қалпына келтіру және оны жаңа орынға көшіру үшін қаражат бөлді. Ескерткішті және Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Березов ауылында өмір сүрген Ұлы Отан соғысына қатысқан 70 жауынгер есімдері жазылған тұғырды қалпына келтіру жұмысы Орал қаласындағы Халықаралық дизайнерлер ассоциациясының мүшесі Волкогонов Дмитрийдің басшылығымен және тікелей қатысуымен орындалды.

 

Ескерткіштің орнатылатын орнын Березов ауылынан көшіп келген тұрғындардан құрылған ынталы топ, Ақсай қаласы әкімдігі өкілдері және КПО қызметкерлері таңдады. Ескерткішті Березов ауылынан көшіп келген балалар оқып жүрген Аралтал ықшам ауданындағы мектеп маңайына орнату туралы шешім қабылданды, осы жерде жақын арада жергілікті тұрғындардың демалуына арналған саябақ құрылысы да жоспарлануда. 2020 жылғы 9 мамыр күні тойланатын Ұлы Отан соғысының 75 жылдық мерейтойы қарсаңында көшірілген Ұлы Отан соғысы жауынгеріне арнап қойылған жаңартылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бұл ескерткіш Березов ауылынан көшіп келген тұрғындар үшін кездесу орны болады.

Нәтижесі:

2019 жылғы 11 қыркүйекте оздырылған ескерткіштің ашылу салтанатына жергілікті билік органдары, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты. Ескерткіштің ашылуы кезінде КПО-ның жергілікті халықпен жұмыс жасау жөніндегі бөлім бастығы Зульфия Музафарова: «Әлеуметтік жауапты қызмет ететін компания ретінде КПО халықтың мәдени-тарихи мұраларын сақтауға бағытталған „Рухани жаңғыру“ мемлекеттік бағдарламасына қолдау көрсетеді», — деп атап айтты.

Тәжірибе үлгісі №4

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ №4:
ЕРІКТІЛЕР КӨМЕГІ

Жалпы ақпарат /мәселенің қысқаша сипаттамасы:

Березов және Бестау ауылдарынан көшірілген әлеуметтік қорғалмаған топ мүшелерін мониторинг жүргізу аясында КПО-ның халықпен жұмыс істеу жөніндегі маманы тұрғындармен жеке кездесулер, телефон соғу және олардың хаттарына жауап беру арқылы байланысып, қарым-қатынас жасайды. Аралтал ықшам ауданына жасаған сапарлардың бірінде КПО маманы кәрі жастағы жалғыз басты әйел адамның үй қақпасына апаратын жолды қар басып тастағанын байқаған.

Мақсаты:

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тұрғындар категориясын мониторинг жүргізу мақсаты – қиындық туындаған жағдайда сол қиындықты шешу үшін қажетті ақпарат жинау және жергілікті басқару органдарымен өзара қарым-қатынас жасау арқылы оны шешуде қолдау көрсету. Мұндай шаралар тұрғындардың әрі қарай жаңа өмір жағдайларына бейімделуіне және Компанияның қатысуынсыз туындаған қиын мәселелерді шешуге көмектеседі.

Шешімі / қолға алынған шаралар:

Жалғыз басты әйелге қар тазалауға көмек беру үшін КПО маманы қар басқан жолдың фотосуретін Бөрлі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберді, кейін сол жерден өтінім жергілікті ұйымның еріктілеріне жіберілді. Еріктілер бірден іске кірісіп, келесі күні үй маңындағы жол қардан тазартылды. Еріктілердің жұмысы елеусіз қалмады: ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ бойынша марапаттау рәсімінде «Gold» еріктілер корпусындағы жастарға алғыс хаттары мен сыйлықтар табысталды.

Нәтижесі:

Зейнеткер енді көмек қажет болған жағдайда кімге хабарласу керектігін біледі.. «Gold» еріктілер ұйымы зейнеткерді атаулы көмекті қажет ететін тұрғындар тізіміне қосып қойды. Сонымен қатар, жастар болашақта жұмыс жасауға ынталандыратын және басқа еріктілерге үлгі болатын сый-марапатқа ие болды.

Тәжірибе үлгісі №5

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ № 5:
МЕКТЕП ШӘКІРТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ЭКОЛОГИЯ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ САБАҚТАР

Жалпы ақпарат / Мәселенің қысқаша сипаттамасы:

Компания аудан тұрғындарымен тату көршілік қарым-қатынасты нығайту мақсатында оларға үнемі қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқаратын жұмыстары туралы хабарлап отырады. Сонымен қатар 2021 жылы Қарашығанақ кен орнына іргелес ауылдық округтерде орналасқан жалпы білім беретін мектептердің оқушыларын байланысқа тарту міндеті қойылды.

 

2021 жылғы қараша айында КПО қызметкерлері Успен, Жаңаталап, Приурал және Жарсуат ауылдарының шәкірттері үшін экологиялық тақырыптар бойынша бірқатар сыныптан тыс іс-шаралар өткізді.

Шешімі / қолға алынған шаралар:

Сабақтардың тақырыптары өскелең ұрпақтың табиғи ресурстарды құрметтеу, «жасыл ойлауды» дамыту, саналы тұтыну және экологиялық жауапкершілікті тәрбиелеу және ол жөнінде хабарын арттыру мақсатында таңдалды.

 

Сабақтар экологиялық ойын түрінде өтті: сабақ барысында жаһандық климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы, планетадағы адамның экологиялық ізін азайту мәселелері талқыланды. Қалдықсыз өндіріс концепциясы саналы тұтынуды, бір рет қолданылатын пластик бұйымдарды пайдаланудан бас тартуды көздейді. Бір рет қолданылатын полиэтилен пакеттерден бас тартудың айқын мысалы ретінде барлық қатысушыларға екінші аяқ киімге арналған матадан тігілген сөмкелер үлестірілді.

Нәтижесі:

Экологиялық сауатты мәдениетті адам санасында ерте жастан бастап қалыптастыру қажет. Осындай бастамалар арқылы КПО қоғамдағы өскелең буынның табиғатпен қарым-қатынас жасаудағы жаңа құндылықтарын меңгеруіне өз үлесін қосады.

Тәжірибе үлгісі №6

ТӘЖІРИБЕ ҮЛГІСІ № 6:
ЖЕРГІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ ОҚЫТУДА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ

Жалпы ақпарат / Мәселенің қысқаша сипаттамасы:

Бөрлі ауданының жергілікті билігі бірнеше жылдан бері ауыл мектептері мен ауруханаларында жұмыс істейтін білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтеріп келеді. Осы мәселені ескере отырып және «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес КПО 2010 жылдан бастап Қарашығанақ кен орнындағы Успен, Жарсуат және Приурал — 3 ауылдық округ мектептерінің түлектеріне арналған шәкіртақылық бағдарламаны жүзеге асыруда.

 

Бағдарламаның мақсаты ауылдық елді мекендерде тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан мектеп түлектеріне Батыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдарында орта арнаулы және жоғары білім алуларына қаржылық қолдау көрсетіп, Бөрлі ауданын білім беру және денсаулық сақтау салаларында білікті мамандармен қамтамасыз ету болып табылады.

Шешімі / қолға алынған шаралар:

Аталған бағдарлама БҚО Бөрлі аудандық білім басқармасы мен жергілікті билік органдары тарапынан қолдау тауып, мақұлданып, студент, білім басқармасы, оқу орны және КПО арасындағы төртжақты келісімшарт негізінде жүзеге асырылуда.

 

Успен ауылының тұрғыны Исқалиева Айданас осы бағдарламаға қатысушылардың бірі болып табылады. Айданас бағдарламаға 2013 жылы қабылданды. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, Айданас Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту педагогикасы факультетіне оқуға түсті.

 

Шәкіртақы бағдарламасының шарттарына сәйкес, КПО студенттердің оқу ақысын және студенттердің тамақ, жол және тұру шығындарын өтеу мүмкіндігін беретін ай сайынғы шәкіртақыны тағайындады.

 

2017 жылы колледжді сәтті тәмамдаған Айданас сол жылы Успен ауылындағы өзі оқыған ауылдық мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасып, сол мектепте 2019 жылға дейін жұмыс істеді. Қазіргі таңда Айданас Успен ауылындағы балабақшада тәрбиеші және әдіскер болып жұмыс істейді. Айданастың бағдарламаға қатысуы туралы ойы келесідей: «Мен кішкентай кезімнен балаларды қатты жақсы көретінмін және бастауыш сыныпта оқыған кезімнен мұғалім болуды армандайтынмын. КПО маған төрт жыл бойы армандаған мамандық бойынша білім алуға ерекше мүмкіндік сыйлады. Тәрбиеші болу балалардың дүниетанымын қалыптастыруға және оларды мектептегі оқу сияқты маңызды кезеңге дайындауға қатысуға мүмкіндік беретіндіктен бұл жұмыс мені шабыттандырады. Еңбек жолымды туған мектебімнен бастағаныма қуаныштымын, әрі қарай да туған ауылымның игілігі үшін өмір сүріп, еңбек етуді жоспарлап отырмын».

Нәтижесі:

2021 жылы мектеп жасына дейінгі тәрбиешілер арасында ұйымдастырылған Батыс Қазақстан облыстық байқауында Айданас екінші орынды жеңіп алды.

 

Қазіргі уақытта ауыл жастары қалаға жұмыс іздеп кетіп, ал жастар мұнай саласында табыс іздеп жатқан кезде КПО-ның шәкіртақылық бағдарламасы тұрғындардың білім алуына және олардың білімді мамандарға жоғары сұранысы бар ауылдарға оралуына көмектеседі.