ҚазРусEng
КПО БҚО әкімдігімен бірлесіп, «Батыс Қазақстан облысының бизнес әлеуеті 2022» атты конференция өткізді

ОРАЛ, Батыс Қазақстан облысы, 2022 жылғы 7 желтоқсан — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) және Батыс Қазақстан облысының әкімдігі «Батыс Қазақстан облысының бизнес әлеуеті 2022» тақырыбында дөңгелек үстел форматында конференция өткізді.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, КПО-ның ірі мердігерлерінің және Батыс Қазақстан облысының бизнес-қоғамдастығының, сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамыту орталығының өкілдері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты — Қарашығанақ кен орнын игеру барысында жүзеге асырылатын жобалар мен жұмыстарға тауарлар мен қызметтер жеткізетін жергілікті компанияларды көбірек тарту мүмкіндіктерін талқылау. Бұл тұрғыда аталмыш конференция КПО-ның ірі мердігерлері мен БҚО бизнес қауымдастығының араларында ақпарат алмасу жүріп, өзара байланыс орнату үшін ыңғайлы алаңға айналды.

КПО компаниясының жеткізілімдерді ұйымдастыру жөніндегі директоры Джосуэ Делла Бьанка өзінің алғы сөзінде жиналыста КПО-ның ірі мердігер ұйымдарының өкілдерінің, соның ішінде ҚКЖ-1 жобасының бас мердігерінің қатысып отырғанын айтып, олардың Қарашығанақ жобасындағы тауарлар мен қызметтер бойынша ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктер туралы ақпаратты бөлісуге дайын екенін атап өтті. Компаниялар жергілікті жеткізушілерді іздеуге және БҚО-да сатып алынатын өнімдердің тізімін кеңейтуге ниетті, — деді ол. Ол барлық қатысушыларды ұзақ мерзімді және тұрақты іскерлік қатынастар құруға ұмтылуға шақырды.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел аясында БҚО компаниялары мен КПО-ның негізгі мердігерлік ұйымдарының өкілдерінің арасында В2В форматындағы кездесулер өткізілді.

Іс-шараға қатысушы делегаттар атап өткендей, өткізілген конференцияның арқасында олар КПО мен мердігерлік ұйымдардың Қарашығанақ жобасындағы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге қоятын талаптары туралы толық ақпарат алды, бұл өз кезегінде олардың осы жобаға қатысу мүмкіндіктерін арттырды.

КПО Корпоративтік байланыстар бөлімі