ҚазРусEng
КПО «Мұнайгаз машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастығы мүшелерінің жалпы жиналысын өткізді

2023 жылғы 13 қаңтар, Батыс Қазақстан облысы, Орал қ. — КПО «Атамекен» мәдениет сарайында «Мұнайгаз машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастығы (Қауымдастық) мүшелерінің жалпы жиналысын өткізді.

 

Жиналысқа КПО бас директоры Джанкарло Рую, «Тенгизшевройл» ЖШС (ТШО) бас директоры Кевин Лайон, NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар басқарған үш Оператордың делегациясы және «Мұнайгаз машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» ЗТБ (IMBС) бас директоры Марат Каримов қатысты.

 

Жиналыс барысында IMBC басшысы 190 астам өндіруші анықталып, өндірістік қуаттылықты әрі қарай дамыту үшін 38 компания іріктеліп алғаны туралы хабарлады. Атқарылған жұмыс шеңберінде КПО жергілікті компаниялармен 6 келісімшартқа қол қойды, сондай-ақ төрт келісімшарт жасалу сатысында. Сонымен қатар жиналыс барысында Қауымдастық қызметінің өзекті мәселелері талқыланып, 2023 жылғы басты бағыттары белгіленді.

 

Қауымдастық 2021 жылдан бері тиісті министрліктермен, «PSA» ЖШС өкілетті органымен және отандық мұнайгаз машина жасау саласын дамытуға қатысатын мұнай және машина жасау қауымдастықтарымен тығыз байланыста болып, үш Оператор (ТШО, НКОК және КПО) атынан қызмет атқарып келеді.

 

Қауымдастықтың басты міндеті — үш Оператордың сұранысын талдау және Операторлардың талаптарына сәйкес осы тауарларды жеткізе алатын қолданыстағы өндірушілердің жергілікті нарығын зерделеу арқылы сатып алудағы жергілікті қамтуды арттыру.

 

Корпоративтік байланыстар бөлімі