ҚазРусEng
КПО 2022 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады

АҚСАЙ қ., Батыс Қазақстан облысы, 2023 жылғы 24 ақпан — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2022 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін қорытындылап жариялады.

Осы кезеңде КПО компаниясы тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және отын ретінде пайдалануға арналған тазартылған газ күйіндегі 129 миллион баррельден астам мұнай эквивалентінде өнім өндірді.

Қазірге дейін Қарашығанақ бойынша серіктестер кен орнын игеруге шамамен 30 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат салды.

2022 жылы компанияда мерейтой болды — Республика мен халықаралық инвесторлар консорциумы арасында құрылған серіктестіктің негізгі қағидаттарын реттейтін құжат — ӨБТК келісіміне қол қойылғанына 25 жыл толды. Өткен ширек ғасырда Қарашығанақ Республиканың мұнай-газ өнеркәсібінің бетке ұстарына және Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотивіне айналды. КПО-ның көптеген жетістіктерге қол жеткізуі — уәкілетті органдар мен облыс әкімдігі арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында.

2022 жылы КПО серіктестері мен Өкілетті орган («PSA» ЖШС) ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен Қарашығанақты кеңейту жобасының 1Б кезеңін (ҚКЖ-1Б) санкциялау туралы келісімге қол қойды.

Аталмыш жобаның мақсаты — Қарашығанақтағы сұйық көмірсутектерді өндірудің жоғары деңгейін сақтап тұру мерзімін ұзарту. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасы бойынша серіктестерге қосымша табыс әкелмек.

Шетелдік қызметкерлерді жергілікті мамандармен алмастыру процесіне келетін болсақ, КПО-ның жергілікті қызметкерлері инженерлік-техникалық қызметкерлердің жалпы санының 98%-ын, ал басшылық лауазымдағы қызметкерлердің 86%-ын құрады.

КПО қоршаған орта мәселелеріне жіті назар аударады. 2022 жылы Қарашығанақ кен орнындағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,93%-ды құрады, бұл әлемдік деңгейдегі жетістік. Бүгінгі таңда КПО-ның табиғатты қорғау шараларына салған инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 450 миллион АҚШ долларын құрайды.

Компания Қарашығанақ кен орнын игеруге отандық компанияларды тарту мақсатында белсенді әрі жан-жақты жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша КПО-ның тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету бойынша келісімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 56,4%-дан, немесе ақшалай көрсетсек, 511,6 миллион АҚШ долларынан асты.

Бүгінгі таңда КПО-ның өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға салған инвестицияларының жалпы көлемі 754 миллион АҚШ долларын құрайды.

«Компаниядағы әлемдік деңгейдегі тәжірибелері бар кәсіпқой мамандардың бір ұжым болып, үйлесімді жұмыс істеп, жаңа биіктерге ұмтылуының арқасында КПО-ның шығармашылық әлеуеті зор. Біздің басым мақсаттарымыз бұрынғыдай өзгеріссіз қалды — өнеркәсіптік қауіпсіздіктің барлық талаптарын сақтап және жергілікті қоғамдастықтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасап, республикаға барынша жоғары пайданың түсуін қамтамасыз ету», — деді КПО бас директоры Джанкарло Рую.

БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім