ҚазРусEng
ҚР Президенті Қарашығанаққа келді

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2023 жылғы 09 наурыз — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қарашығанақ мұнай, газ және конденсаты кен орнында болып, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясының өндірістік қызметімен танысты.

 

ҚР басшысымен бірге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев те келді.

 

Сапар барысында жоғары лауазымды қонақтар Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің (ҚӨК) жұмысымен және көмірсутектерді барынша өндіру мерзімін ұзартуға бағытталған күрделі жобаларды іске асыру барысымен танысты. КПО бас директоры Джанкарло Рую Мемлекет басшысын негізгі өндірістік көрсеткіштермен таныстырып, компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі туралы айтып берді. «КПО өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне баса назар аудара отырып, өндірістік қызметінде үнемі жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау да біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып табылады», — деді Джанкарло Рую кездесу барысында.

 

Сондай-ақ Қарашығанақта тазартылған газ бен сұйытылған табиғи газ өндіретін газ өңдеу зауытын салу жоспары туралы сөз қозғалды. Бұл ретте Мемлекет басшысы осы бастаманың маңыздылығын атап өтіп, оған барынша қолдау көрсетіледі деп сендірді.

 

Сапар соңында ҚР Президенті КПО жұмысына жоғары баға беріп, компания ұжымына Қарашығанақ кен орнын игеруде одан әрі табыстарға жете беруін тіледі.

 

КПО бас директоры ҚР Президентінің кен орнына келуі туралы: «Бүгін Мемлекет басшысын КПО мен серіктес компаниялардың атынан қабылдау мен үшін үлкен мәртебе болды. Өткен ширек ғасырда Қарашығанақ Республиканың мұнай-газ өнеркәсібінің бетке ұстарына және Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотивіне айналды. КПО-ның көптеген жетістіктерге қол жеткізуі — уәкілетті органдар мен облыс әкімдігі арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында», — деді.

 

БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі