ҚазРусEng
КПО IMB орталығының мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамытуға арналған форумына қатысты

АСТАНА, Қазақстан Республикасы, 2023 жылғы 14 сәуір — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамыту бойынша жыл сайынғы форумға қатысты.

 

Шара «Халықаралық мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамыту орталығының» (IMB орталығы) бастамасымен және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ҚР Энергетика министрлігінің, сонымен қатар «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Теңізшевройл» ЖШС сияқты ірі мұнай-газ операторларының қолдауымен өтті.

 

Форум барысында ірі мұнай-газ операторларының басшылары компанияларындағы жобалар туралы презентация жасады.

 

КПО бас директоры Джанкарло Рую отандық және халықаралық өндіруші компаниялардың, уәкілетті органдар мен басқа да мүдделі тараптардың басшыларының алдында сөйлеген сөзінде IMB орталығымен бірлесе іске асырылып жатқан жұмыс аясындағы компания қызметінің нәтижелері мен болашаққа қандай жоспарлар құрылғаны туралы баяндады. Ол сондай-ақ Қарашығанақ жобасында жергілікті қамтуды арттыру бойынша КПО-да қолға алынған бастамалар туралы айтып берді.

 

Форум барысында сөйлеген сөзінде КПО бас директоры Джанкарло Рую:

 

«IMBC орталығымен арамызда орнаған серіктестікке келетін болсақ, біз бірлесіп ауқымды жұмыс атқардық және арамыздағы өзара әрекеттестік елеулі нәтижесін де беріп үлгерді. Мәселен, тауарлардың тек бірінші тобы бойынша жергілікті тауар өндірушілермен тоғыз келісімшарт жасалды. Бұл 150-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді және бұл келісімшарттарда жергілікті қамту үлесін 75%-ға дейін жеткізу міндеттелген. Жоспарда сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған іс-шаралардың толық кешені қарастырылғанын айта кету керек. Бұл жоспар бір жылда еңсеретін жұмыс емес, өйткені жергілікті нарықтың әлеуетін бағалап, ондағы кемшіліктерге мұқият талдау жүргізу қажет. Бастысы — осы жұмысымыздың бағыты мен қарқынын сақтап қалу. Сондай-ақ барлық мүдделі тараптардың IMBC орталығының қызметінен күтетін нәтижелері орынды әрі қисынды болғаны маңызды», — деді.

 

Қорытындылай келе, КПО бас директоры компанияның тауарлардағы жергілікті қамтуды арттыруға деген ұмтылысы оң нәтиже бергенін атап өтті. «Жергілікті қамтуды дамыту компаниямыздың даму стратегиясының іргетасы болуы үшін бар күш-жігерімізді саламыз және компаниямыз осы саладағы мемлекеттік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетеді».

 

Форумға қатысушылар атап өткендей, бұл шара тек кездесулер мен талқылауларға арналған ықпалды алаң болып қалумен шектелмей, сондай-ақ саланың осал тұстарын анықтауға, оны дамыту мен нығайту жоспарын құруға жақсы мүмкіндік берді.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі