ҚазРусEng
КПО бірінші жарты жылдық қызметінің нәтижелерін жариялады

АҚСАЙ қ., Батыс Қазақстан облысы 2023 жылғы 14 тамыз — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2023 жылғы бірінші жарты жылдық қызметінің нәтижелерін жариялады.

 

Алғашқы алты ай ішінде Компания тұрақты және тұрақтандырылмаған сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және отын ретінде пайдалануға арналған тазартылған газ күйіндегі 71,2 млн. баррель мұнай баламасына жуық өнім өндірді. Оған қоса 6,3 млрд. текше метр шикі газ қабатқа кері айдалды, бұл өндірілген жалпы газ көлемінің 57,1%-ын құрады.

 

«Қарашығанақ кен орнын игеру барысында КПО тұрақты даму және көміртегі бейтараптығы қағидаттарын қатаң ұстанады. Озық технологияларды енгізу және бизнес процестерімізді үздіксіз жетілдіру Компанияның табысты жұмысының кепілі. Бұл, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға және инвесторларымызға барынша мол табыс әкелуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді КПО бас директоры Джанкарло Рую.

 

2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Қарашығанақ кен орнындағы газды кәдеге жарату көрсеткіші 99,96%-ды құрады, бұл әлемдік деңгейдегі көрсеткіш. Бүгінгі таңда табиғатты қорғау шараларына КПО құйған инвестициялар шамамен 451 миллион АҚШ долларын құрайды.

 

Бірнеше жыл бойы КПО Орал қаласында Uralsk Green Forum өтуіне демеушілік жасап келеді. Биыл маусымда КПО қолдауымен Орал қаласында алтыншы форум өтті, онда ESG қағидаттары мен тұрақты дамуды біріктірудегі жаңа трендтер талқыланды.

 

Форум аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен КПО арасында потенциалды офсеттік жобаларды дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оған қоса қайта өңделген өнеркәсіптік қалдықтарды қайталама шикізат ретінде пайдалану саласындағы ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісім жасалды.

 

Қарашығанақ кен орнын игеру барысында КПО көбірек Қазақстандық компанияларды жұмылдыруға тырысады. Осылайша, алғашқы 6 ай ішінде КПО-ның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу келісімшарттарындағы жергілікті қамту үлесі 60,68%-ға жетті, бұл ақшалай баламада 343,9 миллион АҚШ долларын құрады.

 

Сондай-ақ кәсіпорында кадрларды ұлттандыру шаралары біртіндеп әрі жоспарлы жолмен іске асып келеді. 2023 ж. бірінші жартыжылдығында КПО-ның жергілікті қызметкерлер саны жалпы инженерлік-техникалық қызметкерлердің 98%-ын, және барлық басшылық лауазымдағы қызметкерлердің 86%-ын құрады.

 

Сол кезеңде КПО аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бөлген қаражаттың жалпы сомасы 768 АҚШ долларынан асты.

 

Жалпы, қазіргі таңда КПО халықаралық консорциумы Қарашығанақ жобасын дамытуға 30 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция жұмсаған.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі