ҚазРусEng
КПО компаниясы Оралдағы визит орталығының құрылысын аяқтады

ОРАЛ, Батыс Қазақстан облысы, 2023 жылдың 16 қазаны — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) өңірде іске асырылатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар аясында салынған «Хан Ордасы» деп аталатын бірегей визит орталығының құрылысын сәтті аяқтағаны туралы жариялады.

 

Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының (БҚО) әкімі Нариман Төреғалиев, КПО компаниясының басшылығы, мердігер ұйымдар мен жұртшылық өкілдері қатысты.

 

Объектпен танысып шыққаннан кейін БҚО әкімі визит орталығының келушілерді қабылдауға дайын екендігі туралы хабарлады. Ол сондай-ақ Орталық ұжымына жылы лебізін білдіріп, өңірдің игілігі үшін жасап жатырған жұмыстарында табыс тіледі.

 

КПО әлеуметтік жобалар бөлімінің менеджері Қайрат Бимағанбетов Хан Ордасы ауылының тұрғындарын осындай маңызды әлеуметтік объектінің ашылуымен құттықтау сөзінде: «Осы бірегей нысанды аяқтап, оны ойдағыдай пайдалануға беру КПО-ның өңірді ұзақ мерзімді дамыту жоспарларына қосар үлесін тағы да растайды.

 

Осы жобаның арқасында өңірдің ішкі туризмі дамуға серпін алады деп үміттенеміз. Мұндай орталықтар тек өңір тұрғындарына ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға да Батыс Қазақстан облысының бірегей көрікті жерлерін көріп, тамашалауға жақсы мүмкіндік береді деп сенеміз», — деді Қайрат Бимағанбетов.

 

«Хан Ордасы» визит орталығы — көрме залымен, конференц-залмен, кітапханамен, кеңсемен, асханамен жабдықталған жаңа заманауи кешен.

 

Бұл жоба Қазақстан Республикасының туризмді дамыту және тарихи-мәдени мұраларды сақтау мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірлік туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енгізілген болатын.

 

Жақында ғана КПО компаниясы екі дене шынықтыру және сауықтыру кешенін сәтті пайдалануға берді: оның бірі БҚО Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылында салынған 320 көрерменге арналған кешен, ал екіншісі БҚО Ақжайық ауданындағы Тайпақ ауылында есігін ашқан 160 көрерменге арналған кешен.

 

Аталған объектілердің құрылысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Қазақстан өңірлерінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салу жөніндегі республикалық бағдарлама шеңберінде іске асырылып жатқанын айта кету керек.

 

Балаларды сапалы және жан-жақты оқытып, тәрбиелеп, дамыту үшін әр ауылда жақсы жабдықталған, жөнді мектеп болу керек екені анық. Биыл КПО компаниясының қолдауымен Пойма ауылындағы (108 орындық) және Жалын ауылындағы (54 орындық) мектептердің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа оқу ғимараттарының салынуын аталмыш ауылдардың тұрғындары бірнеше жыл күткен еді. Айта кетері, шағын жинақты мектептер құрылысы облыс аудандарында үш ауысымда оқытатын мектептер мәселесін шешуге және апатты мектептерді жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып келе жатыр.

 

Бүгінде Қарашығанақ Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуында маңызды рөл атқарады. КПО әлеуметтік жобаларының тізбесі мен олардың басымдығын Батыс Қазақстан облысының әкімдігі айқындайды. Бұл ретте жобаларды жүзеге асыруға тек қазақстандық мердігерлер тартылатынын айта кеткен жөн. КПО жергілікті компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істейді, олардың тауарлары мен қызметтерін сатып алады. Бұл өз кезегінде бизнесті әлеуметтік тұрғыдан жауапты жүргізудің үлгісі болып табылады.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі