ҚазРусEng
Қазақстан Республикасының премьер –министрі «Қарашығанақ-Орал» газ желісінің алғашқы тармағын пайдалануға берді.

Ақсай, Батыс Қазақстан облысы, 2009 жыл, желтоқсанның 19.

Қазақстан Республикасының Премьер - Министрі Кәрім Мәсімов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының жоғарыдағы басшылығы және басқа да ресми адамдар БҚО Федоровка поселкесінде өткен «Қарашығанақ-Орал» газ желісі құрылысының табысты аяқталуы мен бірінші тармағының пайдалануға берілуіне қатысты.

 Мұнда «Қарашығанақ-Орал» газ желісінен Федоровка селосына  табиғи газ берілуіне орай алау жағу құрметті рәсімі болып өтті.

Қазақстан Республикасының Премьер - Министрі Кәрім Мәсімов өзінің құттықтау сөзінде былай деді: «Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды, - 11 елді мекенді газбен қамтитын  жаңа газ құбыры салынды және ол бес ауданның аумағынан өтті. Яғни ол БҚО аумағындағы 146 елді мекенді газдандыру мүмкіндігін беріп отыр. Біздің жүз мың тұрғынымыз осы газ құбырының көмегімен өз  үйлерін жылытатын болады. Бұл үлкен жетістік».

КПО-ның бас директоры Джузеппе Пази былай деді: «Қарашығанақ кен орнының игерілуі Қазақстан Республикасы экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отыр және Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының жағдайларын  жақсартуға қызмет етуде. Бүгінгі «Қарашығанақ-Орал» газ желісінің  бірінші тармағы құрылысының табысты аяқталуы  оның тамаша дәлелі. Бұл шара экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да маңызды, өйткені ол Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасы бойынша әріптес компаниялардың  бірлескен  жүмысының жемісі ғана емес, Батыс Қазақстан облысының ары  қарай дамуы үшін айтарлықтай стимул болып отыр».

«Бұл маңызды әлеуметтік  жоба осы соншалықты қажетті энергияны Батыс Қазақстан облысының сегіз мыңнан астам отбасына  жеткізуді қамтамасыз ете отырып, табиғи газдың ішкі нарығының өркендеуі мен өндірістік өсуге игі әсерін тигізетін болады» – деп қосты Джузеппе Пази.

«Қарашығанақ-Орал» газ желісінің  екінші  тармағының  құрылысын аяқтау 2010 жылдың екінші жарты жылдығына белгіленген. КПО-ның тапсырысы бойынша газ желісінің құрылысын қазақстандық «Казстройсервис» мердігерлік компаниясы жүргізуде. 

«Қарашығанақ-Орал» газ желісінің  құрылысының  толықтай аяқталуы Жайық өзенінің сол жағалауында, Қарашығанақ кен орны мен Орал қаласы аралығында орналасқан елді мекен тұрғындарының  үйлеріне табиғи газ жеткізуді қамтамасыз етеді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы табиғи газдың тұрақты жеткізілуімен бірге жаңа жұмыс орындарының ашылуына,  жергілікті потенциалдың  дамуына, жаңа технологияның жеткізілуі мен  жергілікті инфрақұрылымның сәйкесті өркендеуіне  игі ықпалын тигізетін болады.

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында   Қазақстан Республикасының Премьер - Министрі Кәрім Мәсімов  КПО-ның әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде Орал қаласында салынған  280 орындық  «Болашақ»  атты бала бақшаның ашылуына қатысты.