ҚазРусEng
ҚПО компаниясының жоғары басшылығы құрамындағы өзгерістер туралы жариялады

АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2-ші сәуір 2012 жыл – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) 2012 жылғы 2 сәуірде компанияның жоғары басшылығы құрамында екі бірдей жаңа тағайындау жөнінде жұртшылыққа жариялады. Дамиано Ратти ҚПО-ның бұрынғы бас директоры Джузеппе Пазидің орынтағын иеленді. Ал өз кезегінде Лука Виньяти Грэм Скоттонның орнына жайғасып, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары әрі бас директордың орынбасары лауазымын атқаруға құлшына кірісті.

Дамиано Ратти  2006 жылы «БиДжи Группта» өндіріс жөніндегі атқарушы  директор болып жұмыс істей бастады. Дамиано Ратти қазіргі лауазымға тағайындалғанға дейін «БиДжи Италия» басқармасының бас атқарушы президенті және төрағасы қызметінде болған еді. Ратти  мырза геологиялық барлау, энергетика, газ өткізу, сығымдалған табиғи газ өндірісі тәрізді салаларда бизнесті басқару бойынша бай тәжірибе жинақтаған  тұлға. 

Дамиано Ратти «БиДжи Группта» қызмет істеместен бұрын «Шелл» компаниясының Нидерландыдағы, Франциядағы және Италиядағы бөлімшелерінде басшылық лауазымдарда болды.  Нақтырақ айтқанда, ол табиғи газ өндірісі жөніндегі бас директор тізгінін ұстап, осы мемлекеттерде, сондай-ақ Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі бизнестің стратегиясы мен дамуын талдап жасауға  көп күш-жігер жұмсады.   

Лука Виньяти де техникалық, сондай-ақ басқару салаларында жоғары деңгейдегі басшылық жұмыстарда ысылған кәнігі маман. Ол білігі мен білімін көбінесе Норвегиядағы, Тунистегі, Ұлыбританиядағы және Түркіменстандағы халықаралық жобаларға тікелей қатысып жүріп  жетілдірді.

Лука Виньяти өндіріс жөніндегі директор қызметін атқарғанға дейін тікелей  оффшорлық және құрылықтағы кен орындарын игерумен айналысатын ЭНИ және Мысыр мемлекеттік мұнай компаниясының бірлескен  кәсіпорны «Аджиба-Египет» бөлімшесінің басқарушы директоры лауазымын атқарды.  

Дамиано Ратти мен Луки Виньятидің ҚПО-ның жаңа басшылары ретінде тағайындалуы Қарашығанақ жобасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы серіктес-компаниялардың жұмысын жандандыру мақсатында   таяуда  қол қойылған келісімге тың серпіліс әкелері хақ. Бұл келісім әлемдегі ең ірі Қарашығанақ мұнай-газ конденсатты кен орнын бірлесіп игеруді  дамытумен ерекшеленбек.

Қосымша ақпарат алу үшін келесі қызметкерлерге хабарласуды сұраймыз:

Сергей Пушкарев: <link>PushkS@kpo.kz
Гульнара Шарибаева: <link>ShariG@kpo.kz
КПО сыртқы байланыс бөлімі