АСТАНА, 2022 жылғы 25 қараша — Қарашығанақ жобасының мердігер компаниялары (Шелл, ЭНИ, Шеврон, Лукойл және ҚМГ) және Өкілетті орган («PSA» ЖШС) ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен Қарашығанақты кеңейту жобасының — 1Б кезеңін (ҚКЖ-1Б) санкциялау туралы келісім мен түпкілікті инвестициялық шешімге қол қойды.
ҚКЖ-1Б жобасы аясында алтыншы газды кері айдау компрессоры мен газды кептіру қондырғысын салу, өнімді жинақтау жүйесі мен басқа да ілеспе нысандарды кеңейту көзделген.
Бұл жобаның мақсаты — Қарашығанақтағы сұйық көмірсутектерді өндірудің жоғары деңгейін сақтап тұру мерзімін ұзарту. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасы бойынша серіктестерге қосымша табыс әкелмек.
ҚКЖ-1Б бірнеше жыл бұрын Қарашығанақта жүзеге асырылған Газ бойынша өндірістік шектеулерді алу (2021 жылы аяқталды), 4-ші газды кері айдау компрессорын салу (2022 жылдың басында аяқталды), сондай-ақ ҚКЖ-1A (қазіргі уақытта жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда) сияқты бірқатар ірі жобалардың логикалық жалғасы болып табылады.
«PSA» ЖШС Бас директоры Бекет Ізбастиннің айтуынша, Өкілетті орган Энергетика министрлігінің қолдауымен Қарашығанақ кен орнында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы өндірістің тұрақты деңгейін ұстап тұру тұжырымдамасын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Жоба аясында қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл жобаны іске асыру кезінде КПО компаниясының аса көңіл бөлетін бағыттардың бірі — жергілікті қамту үлесін барынша арттырып, жергілікті мердігерлер, тауарлар мен қызметтерді жеткізушілердің бәсекеге қабілеттілігін дамыту.
КПО Бас директоры Джанкарло Руюдің айтуынша, ҚКЖ-1Б жобасын санкциялау Қарашығанақ кен орнын игеру тарихындағы тағы бір келесі кезең болып табылады.
«Жақында мұнай-газ саласындағы халықаралық компаниялардың басшыларының қатысуымен өткен кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеруге қатысты өз ойын жеткізген болатын. Президенттің көзқарасына толық сәйкес келетін осы бір маңызды кезеңнің басталуы туралы қуана хабарлаймыз».
«Осы орайда, Өкілетті орган мен ҚР Энергетика министрлігінің басшылығына Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеруге қатысты барлық түйінді мәселелерді шешуде көрсетіп келе жатқан жан-жақты көмегі мен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді».