АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 12 ақпан 2022 ж. — «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. » (КПО) компаниясы БҚО әкімінің, энергетика вице-министрінің, PSA ЖШС бас директорының, КПО бас директорының қатысуымен өткен кеңес қорытындысы бойынша БҚО әкімдігі жанындағы жұмыс тобы әзірлеген Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін мердігер және қосалқы мердігер ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру жөніндегі ұсыныс бекітілгенін хабарлайды.
Мердігер және қосалқы мердігер ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысының қорытынды мөлшерін осы ұйымдардың басшылығы тікелей анықтайтынын атап өткен жөн. КПО мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың басшылығына персоналдың еңбекақысының базалық мөлшерін салық төлемдерін шегере отырып, ай сайын 60 000 теңгеге өсіру туралы өтініш жібереді. Салық төлемдерін қоса алғанда, арту сомасын КПО өтейтін болады.
Мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдар келіскен жағдайда, еңбекақыға осы бірыңғай үстеме 2022 жылдың 1 ақпанынан бастап күшіне енеді.
Еңбекақы деңгейіне тәуелді емес бірыңғай үстеме барлық бенефициарларға бірдей қарау үшін таңдалды, алайда еңбекақысы төмен жұмысшылар санатына айтарлықтай әсері бар.
Бұл шешім қызметкерлердің әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау және қазіргі қиын-қыстау кезеңде қазақстандықтарға қолдау көрсету мақсатындағы шараларды ерікті қолдау ретінде қабылданды.
Қазіргі уақытта Қарашығанақ жобасында қазақстандық мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың он үш мыңнан астам қызметкері жұмыс істейді.
КПО корпоративтік байланыстар бөлімі