ҚазРусEng
КПО “KAZENERGY” XV Еуразиялық форумына қатысты

Қазақстан Республикасы, Астана, 2023 жылғы 4 қазан — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы «KAZENERGY» XV Еуразиялық форумына қатысты.

 

2006 жылдан бері «KAZENERGY» қауымдастығы өткізіп келе жатқан «KAZENERGY» Еуразиялық форумы Каспий және Орталық Азия өңірлеріндегі мұнай-газ секторы үшін басты халықаралық оқиға. Бұл энергетика саласындағы жетекші сарапшылар мен басшыларға жаһандық мәселені, яғни климаттың өзгеруін тоқтатуға жетелейтін ағымдағы тенденцияларды, болжамдар мен жоспарларды қарастыруға мүмкіндік беретін бірегей диалог алаңы.

 

КПО компаниясының делегациясы бірқатар техникалық сессияларға, дөңгелек үстелдер мен панельдік пікірталастарға қатысты. КПО бас директоры Джанкарло Рую 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ҚР Үкіметі пен шетелдік инвесторлар арасындағы кешенді шаралар мен өзара әрекеттесу жөніндегі панельдік сессияда сөз сөйледі. Өз сөзінде ол аталған жағдайға өз көзқарасын сипаттап, компанияның жасыл технологияларға көшудің ағымдағы және ұзақ мерзімді стратегиялары туралы айтып өтті.

 

Шара аясында KAZENERGY «Empowerher energy forum» Әйелдер энергетикалық клубының VI форумы өтті. Форум әйелдердің әлеуметтік және экологиялық нәтижелерге қол жеткізудегі рөлі, гендерлік теңсіздікті төмендетудің тиімді стратегиялары және т.б. сияқты негізгі тақырыптарды қамтыды. Осы және басқа да мәселелер сала басшылары мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен өткен панельдік пікірталас барысында белсенді талқыға түсті. Шара соңында клубтың ең белсенді мүшелерін марапаттау рәсімі өтті — мұнай-газ саласын дамытуға қосқан көп жылдық үлесі үшін KAZENERGY қауымдастығының медалімен КПО еңбек ресурстары және қызметтер директоры Слушаш Избасарова марапатталды.

 

Оған қоса КПО «KAZENERGY» XV Еуразиялық форумының демеушілерінің бірі болды, форум қатысушылары мен қонақтары компания қойған көрме стендінің заманауи дизайны мен ақпараттық мазмұнына тәнті болып, өз қызығушылықтарын білдірді.

 

КПО БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі