АТЫРАУ, Атырау облысы, 17 қараша 2023 ж. — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы Атырау қаласында өткен «Казнефтегазсервис-2023» ХІ жыл сайынғы мұнай сервисі конференциясына қатысты.
Мұнай-газ саласындағы инжиниринг пен құрылыс жұмыстарына қазақстандық компаниялардың қатысу мәселелеріне арналған осы іс-шараны ұйымдастырған — Қазақстан сервис компанияларының Одағы.
Конференцияға ҚР Энергетика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, мұнай саласындағы отандық сервистік компаниялардың және Қазақстандағы ірі жер қойнауын пайдаланушылардың өкілдері қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде КПО бас директорының орынбасары Мухтар Манкеев 2018 жылдан бастап қазіргі күнге дейінгі мерзімде Қарашығанақ жобасын игеруге 277-ден астам отандық мұнай саласындағы сервистік компанияның жұмылдырылғанын, жалпы құны 6 миллиард АҚШ долларынан асатын 600-ден астам келісімшарт жасалғанын, оның 3 миллиард АҚШ долларынан көбі игерілгенін, ондағы жергілікті қамтудың 72%-ды құрағанын айтып өтті. Сондай-ақ ол КПО-ның жергілікті инжиниринг компанияларын тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын, бұл орайда жергілікті инжиниринг компанияларымен міндетті серіктестік жасалып жатқанын тілге тиек етті.
Қорытындылай келе, «Казнефтегазсервис-2023» конференциясы тағы бір мәрте қазақстандық мұнай сервисі саласы мен тәжірибелі шетелдік мердігерлер арасында диалог пен кері байланысқа жол ашатын тиімді алаң болып, байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал етті.
КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі