Орал, Батыс Қазақстан облысы, 14 желтоқсан 2023 ж. — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік Күні мейрамы қарсаңында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы Батыс Қазақстан облысы аумағында бірнеше ірі әлеуметтік жобаларды сәтті аяқтағандығы туралы хабарлады.
Атап айтқанда, КПО Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Абай ауылында 108 оқушыға, Үлкен Еңбек ауылында 60 оқушыға, ал Бәйтерек ауданының Жайық ауылында 108 оқушыға арналған жаңа шағын жинақты мектебінің құрылысын аяқтады.
Аталмыш объектілерді салтанатты ашу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев бастаған өңірдің басшылығы, КПО және мердігер ұйымдардың басшылары, сонымен қатар қала тұрғындарының өкілдері қaатысты.
КПО бас директоры Джанкарло Рую осы әлеуметтік жобаларды іске асыру компания мен Батыс Қазақстан облысы басшылығының тығыз қарым-қатынасы мен ынтымақтастығы арқасында мүмкін болғанын айтты.
«Осы маңызды әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында орын алғанына өте қуаныштымыз. КПО-ның өңірге жасаған инвестицияларының арқасында жаңа мектептер, емханалар, спорт кешендері салынып жатыр және қолданыстағы тас жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жолдардың құрылысы іске асырылуда. Аталғанның бәрі Батыс Қазақстан өңірінің одан әрі дамуына, осылайша облыс тұрғындары жағдайының жақсаруына және жалпы Республиканың өркендеуіне себеп болатынына күмән жоқ», — деді Джанкарло Рую.
Оқу үшін жайлы жағдайлар жасалған жаңа мектептер заманауи талаптардың барлығына сәйкес келеді. Білім беру нысандары барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Сынып бөлмелерінен басқа, әрбір мектепте акт залы, бөлек душтар мен әжетханалар қарастырылған спорт залы, заманауи кафетерий және әкімшілік бөлмелер бар.
Жыл сайын Батыс Қазақстан облысында КПО халықаралық консорциумының қатысуымен бірқатар әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Жобалар тізілімін жыл сайын КПО және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, өңірдің әлеуметтік дамуының басымдықтарына қарай, бірлесе анықтайды. Облыс әкімдігі облыс инфрақұрылымын, сонымен қатар өңірдің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жүйелерін дамыту қажеттіліктерін ескере отырып, жүзеге асыруға жататын жобаларды белгілейді. Жобаларды іске асыру жұмыстарына тек қазақстандық компаниялар ғана тартылады.