ҚазРусEng
КПО жоғары басшылықтың алмасуы туралы хабарлайды

Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қ., 2024 жылғы 22 қаңтар — Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. (КПО) компаниясы жоғары басшылық қатарындағы тағайындау туралы хабарлайды. Марко Марсили 2024 жылғы наурыздан бастап Джанкарло Руюды алмастырып, жаңа КПО бас директоры лауазымына тағайындалмақ. КПО компаниясында қызметін атқарған Джанкарло Рую Қазақстандағы басқа лауазымға тағайындалады, бұл туралы қосымша хабарланады.

 

Қазақстан Республикасы және халықаралық деңгейде мұнай мен газ кен орындарын басқару бойынша жиырма жылдан астам мол тәжірибесі бар Джанкарло Рую КПО-ға 2021 жылғы маусымда келген.

 

Джанкарло басшылығымен компания ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ көрсеткіштерін жақсарту бағдарламасын іске асыру мен қоршаған ортаны қорғау және ластану деңгейін азайту тиімділігін арттыруда үздік, ал сұйық көмірсутектер мен газды өндіруде рекордтық көрсеткіштерді қоса алғанда бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді.

 

Қарашығанақ кен орнын ұзақ мерзімді тұрақты дамыту бағытымен бірге жаңа кері айдау жобаларын бастау компанияның өзінің өндірістік және жоба тиімділігін арттыруға бағытталған үздіксіз ұмтылысын көрсетеді. Сондай-ақ компанияның тұрғындардың және жергілікті қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлуі 2023 жылы жергілікті қамтудың әсерлі деңгейіне, яғни кәсіптік және техникалық лауазымдарда 98%-ке және жұмыстар/қызметтер/өнімдерде 63,2%-ке қол жеткізуге, сонымен бірге БҚО аумағында іске асырылған әлеуметтік жобалардың рекордтық санына, оның ішінде шалғай аудандарда бірнеше мектеп салуға мүмкіндік берді.

 

Марко Марсилидің мұнай-газ саласында жиырма бес жылдан астам мол тәжірибесі бар, осы аралықта ол халықаралық жобаларда әртүрлі лауазымдарды атқарып, зор техникалық және өндірістік тәжірибе жинап, жан жақты коммерциялық және басқару дағдыларын үйренген.

 

2002 жылдан бастап Марко Нидерланд, Италия, Ұлыбритания, Ирак, АҚШ, Канада, Мексика, Аргентина мен Бразилияда іске асырылған түрлі жобаларда басқару қызметтерін атқарып, Shell компаниясында табысты жұмыс істеп келеді.

 

КПО бас директоры қызметіне дейін Марко Марсили Италиядағы Shell компаниясында басқарушы директор және барлау мен өндіру басқармасының төрағасы болды. Ал оған дейін Марко шамамен 5 жыл АҚШ-та жұмыс істеді, алдымен Солтүстік Америка мен Бразилияда жаңа бизнесті дамыту жөніндегі вице-президент, кейін жаңа тақтатас кен орындары жөніндегі коммерциялық вице-президент лауазымын атқарды.

 

КПО және Оператор Джанкарло Руюға адал еңбегі үшін алғысын білдіріп, Марко Марсилиді компанияны жаңа жетістіктерге жетелейтін көшбасшы ретінде қарсы алады.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі