АҚСАЙ, Батыс Қазақстан облысы, 2024 жылғы 8 ақпан — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (КПО) 2023 жылғы өндірістік қызметінің нәтижелерін жариялады.
Осы кезеңде КПО компаниясы тұрақты және тұрақсыз сұйық көмірсутек, экспортқа жіберілетін шикі газ және ішкі пайдалануға арналған тазартылған газ түрінде 143 миллион мұнай эквивалентінің баррелінен астам өнім өндірді.
Бүгінге дейін Қарашығанақ бойынша серіктестер кен орнын игеруге 31,3 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.
КПО бас директоры Джанкарло Рую өз сөзінде: «Барлығымызға мәлім жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, 2023 жылы өндіріс тұрғысынан жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік, оған қоса Қарашығанақты кеңейту жобасының (ҚКЖ-1) 1-кезеңін іске асыруда жеткен жетістіктеріміз де ауқымды. Өткен жылы ҚКЖ-1 жобасы шеңберінде бірқатар негізгі жұмыстарды ойдағыдай жүзеге асырдық. Оның ішінде 5-ші компрессор мен ілеспе объектілердің құрылысын сәтті аяқтадық. Бұл КПО мен оның бизнес-серіктестерінің ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибе жинап, жетілгендігінің тағы да бір айғағы. Бұған компаниямыздың жылды ЕҚ, ҚТ және ҚОҚ тұрғысынан тамаша көрсеткіштермен аяқтағаны да ықпал етті. Былтыр атқарған жұмыстарымыздың арқасында 2024 жылдың соңына дейін тәмамдау жоспарланып отырған барлық объектілер уақытында аяқталатынына сенім мол.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметімізге келетін болсақ, 2023 жылы КПО-да газды кәдеге жарату деңгейі 99,95%-ды құрады және бұл әлемдік деңгейдегі көрсеткіш екенін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда КПО-ның табиғатты қорғау шараларына салған инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 453 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі уақытта компания көміртексіздендіру саласында бірқатар бастамаларды қолға алып, белсенді жүзеге асырып жатыр. Оған қоса, компания энергия тиімділігі, метан шығарындыларын азайту, сондай-ақ төмен көміртекті және көміртексіз энергия көздеріне көшу мәселелеріне де аса көңіл бөледі.
Біз сондай-ақ су ресурстарын басқару жөніндегі жаңа стратегияны дайындауда айтарлықтай ілгері бастық. Аталмыш стратегияның мақсаты — тұтынылатын техникалық судың мөлшерін азайту және азаматтық объектілерден шыққан сарқынды суларды қайта өңдеп, оның қол жетімді көлемін қызметке пайдалану мақсатында басқа тараптармен күш біріктіру мүмкіндіктерін іздеу.
Өткен жыл бойы қызметкерлерді оқытуға және кәсіптік даярлауға арналған бағдарламалар сәтті іске асырылды. 2023 жылы кадрлардағы жергілікті қамту үлесі кәсіптік-техникалық лауазымдар бойынша 98%-ға және басқарушы лауазымдар бойынша 86%-ға жетті. Ал тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алудағы КПО-ның жергілікті қамту көрсеткіші 63,24%-ды (756,1 миллион АҚШ доллары) құрады.
Сондай-ақ, КПО Батыс Қазақстан облысында мектептер салу сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жобаларына инвестиция салуын белсенді жалғастырды. 1998 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін компания қаражатына жалпы сомасы 797 миллион АҚШ долларын құрайтын 250-ден астам әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілер салынды. Осы мақсатқа арнап, КПО жыл сайын 20 миллион АҚШ долларын бөледі. Оған қоса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулылары шеңберінде де БҚО-да нақты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған қосымша қаражат түсіп отырады.
«КПО-ның негізгі мақсаты — Қарашығанақ кен орнын табиғатқа қамқорлық пен экономикалық тиімділік қағидаттарын негізге алып, сондай-ақ жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуі үшін жағдай жасай отырып игеру», — деп атап өтті КПО бас директоры Джанкарло Рую.
КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі