ОРАЛ, Батыс-Қазақстан облысы, 27 ақпан 2024 ж. — «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен және қатысуымен «Жергілікті қамтуды дамыту және КПО-ның сатып алу процесі» тақырыбы аясында дөңгелек үстел форматында конференция өткізді.
Аталмыш конференцияға Батыс Қазақстан облысының 20-дан астам кәсіпорын өкілдері, БҚО әкімдігінің басшылығы, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Негізгі талқыланған тақырыптар: КПО-ның жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі стратегиясы және тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді (ТЖҚ) сатып алу жоспарлары, сондай-ақ ТЖҚ жеткізушілеріне қойылатын КПО талаптары.
Өзінің алғы сөзінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің мұнай-газ жабдықтарын өндіру тұрғысынан үлкен әлеуетін, сондай-ақ бірегей өндірушілердің тауарлар өндірісін жергіліктендіру мақсатында өндірістік алаңдар мен мүмкіндіктердің барын атап өтті. Сондықтан бүгінгі кездесудің өзектілігі айрықша зор, өйткені ірі жер қойнауын пайдаланушы КПО компаниясында жергілікті қамтуды және сатып алу процесін дамытуға, сондай-ақ проблемалық мәселелерді зерделеуге және оларды шешу жолдарын анықтауға арналған.
Конференция қатысушыларына жолдауында КПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев конференцияның мақсаты кен орнының қуаттылығын кеңейтуге бағытталған алдағы жұмыстар аясында Қарашығанақ жобасындағы жергілікті қамтуды дамыту перспективаларын талқылау екенін атап өтті. Сонымен қатар, отандық тауар өндірушілерінің өндірістік қуаттарын Қарашығанақ жобасы тапсырыстарымен жүктей отырып қолдау көрсету таяу болашақта басты мәселеге айналатынына назар аударды. КПО мамандары алғаш мәрте жоспарланған сатып алуларға талдау жүргізіп, оның негізінде бизнес қауымдастығына тауарлар өндірісін жергіліктендіру мақсатында қажет етілетін перспективалы өнімдердің тізімін ұсынды. М. Манкеевтің айтуынша, болашақта тауарлар өндірісін жергіліктендіру мәселесіне баса мән берілмек.
Осы бағытта жергілікті жеткізушілерді қолдау мақсатында компания тарапынан барлық жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, КПО компаниясы жергілікті қамтуды дамыту бойынша 10 жылдық бағдарламасын белсенді түрде әзірлеуде. Бұл ретте КПО-ның күш-жігері Қазақстан Республикасындағы индустрияландыру және машина жасауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ ағымдағы үкімет бастамаларын іске асыру барысында жәрдемдесуге бағытталған. Ал мұндай бастамалар мемлекеттік саясаттың ағымдағы стратегиялық басымдықтарына сәйкес келеді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы жергілікті қамту 63,2%-ды (немесе 756,1 млн. АҚШ долларын) құрап, яғни былтырғы жоспардан (55%) жоғары болды. Осы кезеңде 155 келісім-шарт жасалып, оның ішінде 280 миллион АҚШ доллары көлеміндегі 142 келісім-шарт жергілікті компанияларға берілген.
Әрі қарай КПО өкілдері дөңгелек үстел форматында форум қатысушыларының жоспарланған ТЖҚ сатып алу бойынша сұрақтарына жауап қайтарды. Жергілікті қамтуды іске асыру және стратегиясы, КПО-ның келісімшарттар және сатып алу бойынша бөлімінің жұмысы, дерекқорға тіркелу үшін жеткізушілерді бағалау рәсімі, сондай-ақ КПО тендерлік талаптары сияқты мәселелер де талқыланды.
Өткізілген іс-шараны қорытындылай келе, КПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев мұндай шараның өткізілуі Батыс Қазақстандағы отандық кәсіпорындарды халықаралық сапа стандарттарына сәйкестікке қол жеткізуге қосымша ынталандыратынына сенім білдірді. Бұл консорциумның болашақ жобаларында жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік берер еді.
Өз кезегінде делегаттар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, аса маңыздылығы мен тиімділігін атап өтті. Олардың айтуынша, қатысушылардың айтарлықтай сарапшылық деңгейі күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді жан-жақты талқылап, талдауға ықпалын тигізді.
БАҚ-қа арналған ескертпе:
«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), " Лукойл" (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК" АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.
КПО әлемдегі ең ірі газ конденсат кен орындарының бірі — Қарашығанақ кен орнын игерумен және кеңейтумен айналысады.
КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі