ҚазРусEng
КПО мұнай-газ секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестікке (МГМС 2.0) қосылды

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы (бұдан әрі — КПО) Біріккен Ұлттар Ұйымының озық бағдарламасы саналатын Мұнай-газ секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестікке (МГМС 2.0) қосылғаны туралы қуана хабарлайды. Бұл стратегиялық альянс КПО компаниясының өз қызметінің экологиялық көрсеткіштерін арттыруға және климаттың өзгеруіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылатын метан шығарындыларын азайтуға деген айнымас ұмтылысын көрсетеді.

 

МГМС 2.0 — өндірудің, өндіріс қызметінің және тасымалдаудың барлық кезеңдерінде метан шығарындыларын азайту мақсатында мұнай-газ секторын жұмылдыратын жаһандық бастама. Метан ғаламдық жылынуға айтарлықтай әсер етеді, сондықтан планетамыздың болашағын сақтау үшін бірлесіп, күш біріктірген өте маңызды. МГМС 2.0-ге қосылу арқылы КПО экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму салаларындағы ең жоғары стандарттарды ұстануға деген ұмтылысын растайды. Компания қоршаған ортаға келтіретін әсерді азайтуға және ресурстарды жауапты пайдалануға бағытталған озық технологиялар мен үздік тәжірибелерді енгізуге міндеттенеді.

 

МГМС 2.0-ге қатысу шеңберінде КПО мұнай мен газ өндірудің әр кезеңінде метан шығарындыларын бақылаудың жаңашыл тәсілдерін қолдануға ниетті. Бұған ең заманауи жабдықтарды пайдалану, газды тазарту және қайта өңдеуде тиімді шешімдер тауып енгізу және шығындарды азайту үшін энергия тиімділігін арттыру жөніндегі бастамалар кіреді. БҰҰ-ның метанды басқару жөніндегі флагмандық бағдарламасына КПО-ның қосылуы компанияның парниктік газдар шығарындыларын азайту және өз қызметін жаһандық экологиялық стандарттарға сәйкестендіру жолындағы бетбұрыс деуге болады. Компания қоғам мен планета алдындағы корпоративтік міндеттемелерін мойындап қана қоймайды, сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың қажеттігін түсінеді.

 

КПО МГМС 2.0-мен және метан шығарындыларын азайтуға және болашақ ұрпақ үшін тұрақты энергетикалық экожүйе құруға деген ортақ мақсатта біріккен басқа да мүдделі тараптармен берік серіктестік орнатып, тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді асыға күтеді. Күшімізді жұмылдырып, таза, қауіпсіз және тұрақты болашаққа бағытталған өзгерістер жолына аяқ басамыз.