ҚазРусEng
Орал қаласында VII Халықаралық экологиялық форум өтті

2024 жылғы 20 қыркүйек, Батыс Қазақстан облысы, Орал қ. — Орал қаласында VII «Uralsk Green Forum» Халықаралық экологиялық форумы өтті. Биыл форумға қатысушылар «Климаттық өзгерістер: озық технологияларды пайдаланудың сын-қатерлері мен перспективалары» тақырыбын талқылады.

 

Бұл форумның негізгі мақсаты — тәжірибе алмасу, «жасыл» экономика тұжырымдамасын іске асырудағы ынтымақтастықты жалғастыруға платформаны құру, бір қатар мәселелер бойынша кешенді диалогты нығайту: қоршаған ортаны қорғау, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу мүмкіндіктері, климаттық өзгерістер туралы хабардар ету арқылы ынта-жігерімізді біріктіріп, өңірдің тұрақты дамуы жөнінде ортақ көзқарас қалыптастыру.

 

Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Энергетика министрлігінің, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, БҚО Мәслихатының депутаттары, табиғи ресурстарын пайдаланушы компаниялардың өкілдері, салалық және мамандандырылған қауымдастықтардың, агенттіктердің қызметкерлері мен сарапшылары, республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері болды.

 

Шара басында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қазіргі таңда өңірде жүріп жатқан экологиялық шаралар туралы айтып өтті.

 

ҚР Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Зульфия Сүлейменова өз сөзінде климаттың өзгеруі саласындағы мемлекеттік саясат туралы сөз қозғады.

 

Ал Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясының өндіріс жөніндегі директоры Никола Аллегро форумда көтерілген мәселелер өзектілігін, сондай-ақ оның тиімді диалог құру алаңына айналғанын атап өтті.

 

«Бүгінгі шара КПО мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп жасаған жұмыстың нәтижесі. Аталмыш шара барысында біз Қазақстанның экологиялық тұрақтылығын ілгерілетуді көздеген саладағы жаңа беталыстар, құралдар мен бастамаларды талқылаймыз. Қазіргі таңда климаттың өзгеруі сияқты өзекті мәселенің шешімін табу өте маңызды. Өз міндеттемелерін орындауды мұқият қадағалайтын компания ретінде КПО декарбонизация процесіне барынша үлес қосуға тырысып келеді. Қазіргі уақытта КПО энергия тиімділігі, метан шығарындыларын азайту және көміртекті аз шығаратын технологияларды қолдану мәселелеріне ден қойып, декарбонизация саласында бірқатар бастамаларды жүзеге асырып жатыр. 2024 жылдың басында КПО БҰҰ-ның „Мұнайгаз секторының метан шығарындыларына қарсы күрес жөніндегі серіктестік (МГМС 2.0)“ бағдарламасына қосылып, метан шығарындыларын азайтуға деген ниетін растады» — деді Никола Аллегро.

 

Форум аясында көміртегі бейтараптығы қағидаттарын одан әрі ілгерілету және өңірді тұрақты дамыту мақсатында жасыл технологияларды енгізуді ынталандыру үшін жағдай жасауға шақыратын бәріне ортақ Резолюция қабылданды. Тараптар Батыс Қазақстан облысындағы тұрақты дамудың үздік тәжірибелері, жаңартылатын энергия көздері, энергияны үнемдеу, қайта өңделген өнеркәсіптік қалдықтарды қосалқы материалдық ресурстар ретінде пайдалану, сондай-ақ елдің және облыстың табиғи ресурстарын қадағалау саласында цифрландыруды дамыту жобалары бойынша хабардарлықты арттыру жұмыс қарқынын үдетуге келісті.

 

Сондай-ақ, форум аясында қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы үздіктер — КПО қызметкерлері мен бизнес серіктестері, «Экология және отбасым» бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 

VII Халықаралық UGF форумы шеңберінде «Солнечный Уральск» қайырымдылық қоры ұйымдастырған бірлесіп терек отырғызу науқаны өтті.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі