ҚазРусEng
КПО мұнай-газ секторындағы тауарларды жергіліктендіру жөніндегі семинарға қатысты

2024 жылдың 2-қазанында «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) компаниясы Атырау қаласында өткізілген Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ тәрізді ірі мұнай-газ жобалары бойынша тауарларды жергіліктендіру мүмкіндіктеріне арналған семинар-көрмеге қатысты.

 

Аталмыш іс-шараны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің және «PSA» ЖШС-ның қолдауымен «Petrocouncil» мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңеспен бірлесіп Мұнай — газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы (IMB орталығы) ұйымдастырған болатын. Семинарға «Теңізшевройл» (ТШО), «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (NCOC) ірі операторлары, сондай-ақ «Chevron Direct Investment Fund» атты тікелей инвестициялар қоры қатысты.

 

Семинардың ресми бөлігі Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайбергеннің, «Petrocouncil» мұнай-газ кеңесі төралқасының төрағасы Рзабек Артығалиевтің, сондай-ақ «PSA» ЖШС бас директорының келісімшарттар және іске асыру жөніндегі орынбасары Нұржан Кисметовтің сөз сөйлеуінен басталды.

 

Шара аясында тауарлардың санаты бойынша талдау ұсынылды: электр жабдықтары, клапандар, бөлшектер мен БӨА. «IMB» орталығының техникалық сарапшылары жергілікті өндірушілер үшін әлеуетті дамыту жоспарлары және КПО, НКОК және ТШО тәрізді ірі операторлары қолданатын сертификаттау талаптары туралы түсініктеме берді. Семинардың маңызды бөлімдерінің бірі — қазақстандық компаниялар өз өнімдерін көрсеткен отандық өндірушілердің тауарларының көрмесі.

 

Семинар барысында КПО компаниясы қазақстандық жеткізушілермен жалпы сомасы 96 миллион АҚШ долларынан асатын келісімшарттарға қол қойды. КПО-ның бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев аталған келісімшарттар «қазақстандық тендер» тетігін қолдану арқасында берілгенін атап өтті. Аталған тетік мұндай тендерлерге тек жергілікті тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізушілердің қатысуын көздейді, оның негізгі мақсаты — қазақстандық компанияларға келісімшарттар беруді қамтамасыз ету. Сонымен қатар ол КПО компаниясының жергілікті жеткізушілерді компанияның сатып алу процестеріне белсенді түрде тарту мақсатында тұрақты негізде қолайлы жағдайлар жасап отырғанын, бұл осы тетікті қолдануға себеп болғанын атап өтті.

 

Семинар әртүрлі елдерден 190-нан астам қатысушыны, оның ішінде 60-қа жуық отандық компанияны, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық бірлестіктердің өкілдерін біріктірді. КПО мұнай-газ жабдықтарын шығаратын жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету, сондай-ақ олардың Қарашығанақ жобасын іске асыруға ықпалдасуы жөніндегі жұмысын жалғастырады.

 

КПО компаниясының БАҚ және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімі

 

БАҚ редакторларына арналған ескертпе:

 

«Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» (КПО) «Эни СпА» (29,25%), «Шелл плс» (29,25%), «Шеврон» (18%), «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» ҰК" АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны.

 

КПО әлемдегі ең ірі мұнай, газ және конденсат кен орындарының бірі — Қарашығанақ кен орнын игеруді және дамытуды басқарып келеді.